14.03.2022
  144


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАРБЫЗ НЕМЕСЕ ЖЕР ШАРЫ ТУРАЛЫ СӨЗ


Атамның жанын көлдей тұнық көріп,
Жүрегім қапталында жүріпті еріп.
Қасына барып едім
– Жегін, – деді
Желіден ала қарбыз жұлып беріп.
Жан атам ұсынғасын сый бөлектеп,
Жүгіре жөнеліп ем үйге беттеп.
Сүрініп әлденеге ұшып түстім
Жазған-ай, нем бар еді күйгелектеп.
Өз үйім өзіме орман бақ көрініп,
Жүгірсем керек сол сәт қатты емініп.
Амал не, ұшып түстім...
Қас қылғандай
Қарбызым жатты жерде қақ бөлініп.
Көшеде шапқылаған алақайлап
Достарым – қаптап, өрген бала тайлақ.
Жарылған сол қарбызды
Түк қалдырмай
Әп-сәтте кетті бәрі талапайлап.
...Бүлінсе туыстықтың бірліктері,
Дүние тұрған жоқ па дүрліккелі.
Жер шарын сондықтан да қорғаштауда
Барша Өмір,
Барша Ғұмыр тірліктегі.





Пікір жазу