14.03.2022
  119


Автор: Рафаэль Ниязбек

“ПРАВДА” ГАЗЕТІНЕ

Жігерін дала ұштаған,
Тау ұштаған
Арман жоқ бір өзіңде қауышпаған.
Күн сайын сені көрем
Таңмен бірге
Дәуірдің биігінен дауыстаған.
Көрініп замананың қақ төрінен,
Жасындай сан асырдың отты өрінен.
Ел-жұртың ер еңбегін келеді оқып,
Өзіңнің жырға толы беттеріңнен.
Бақыт боп әр үйге де төте кірген,
Жалынды жылдарың көп оты өрілген.
Думанды жарыстардың жаршысысың
Намыстың туы болып көтерілген.
 Құдірет күші болып өр жігердің,
Ерлерге жай отынан енші бердің.
Үйлерге барып жүрдің
Өзі болып
Тас жарып,
Тау қопарған кеншілердің.
Білгенге күнің жоқ-ау жыр ашпаған,
Білгенге кезің жоқ-ау қыр аспаған.
Атызда,
Егістерде жүрдің және
Диқанның кетпені боп құлаштаған.
Сермедің құлашыңды еркін керіп,
Бүгінгі ұлы өмірдің көркін көріп.
Жалынсыз жүректерді соқтырдың да
Мартеннің алаулаған өртін беріп.
Қызғыштай қорып жердің көгерішін,
Қанша тер төктің елдің өнері үшін.
Жүгірдің малшылардың сөзін сөйлеп,
Малға, төлге толтырған көк өрісін.
Тыншымағын әлі де,
Тыншымағын,
Аралап туған елдің жүрші бағын.
Торқалы тойың мәңгі тарқамасын
Жаныңның шашу етіп нұр шуағын.





Пікір жазу