ТОПАН-СЕЛ ТІЛІМЕН
Жалғыз тәңір мына мен осы маңда,
Содан, бәлкім, боларсың шошыған да.
Алматыңды қалар ма ең қорғап, айтшы,
Қанды суым қан тартып жосығанда.
Зұлмат едім
Жетермін ел шетіне,
Алақ-жұлақ қараумен келбетіңе.
Дария боп несіне жаралғанмын
Қаптап еркін жатпасам жер бетіне.
Сенде мәңгі өмірдің бақтары бар,
Дос шаттанып төсіңде,
Жат тарылар.
Шарасында тасыған дариямын
Заңғар ала таулардан ақтарылар.
Көз алдымда жөңкіліп аспан көшкен,
Мұның бәрі жайлар деп бастан кешкен.
Аласапыран ғасырдың дауылындай
Көңіл күйім менің де астан-кестен.
Қиып түспеу, әрине, жараққа сын,
Қабатына бірге алып қанаттасын.
Тудырыпты табиғат
Апатты да
Адам ғылып өзіңді жаратқасын.
Құлашыңды менімен жарыстырып,
Жарыстырып,
Жағымды қарыстырып,-
Құдіретің қайсы, Адам?!
Апаттарға
Төтеп бере алмасаң қарсы тұрып.
Келісті өңір –
Көкжиек,
Кеңістігің,
Қызғанады өзіңнен жеңісті кім?
О, адам!
Құдіретсің!
Сен келесің
Қорғап әлі бақытын жер үстінің.
Бақша-бауға балауса арнап барып,
Арынымды баспадым арна ақтарып.
Қандай бақыт!
Бұрқырап тулап аққан
Тарау-тарау жолдардай тармақталып.
Жақпар-жақпар тастарды ала қашып,
Ақтарылсам кемерден далаға асып.
Өміріңді қорғайсың
Мың бұралған
Толқынымның жалында жағаласып.
Білем!
Білем!
Алармын жазамды анық,
Бара жатыр өңім де бозаңданып.
Көк желкеңнен төнген бір қатер күштей
Жалған емес тұрғаным мазаңды алып.
Жүргесін бе зұлматтың санатында,
Қара құстың ажал бар қанатында...
Арна ақтармай қашанғы жата берем,
Қатпар-қатпар құздардың қабатында.
Айдын-аумақ кеңейтіп шеңберімді,
Адам, саған салмақпын шеңгелімді.
Тау басынан көрейін ақтарылып,
Мойындарсың сол сәтте жеңгенімді.
Талай арна жоғалып жерге сіңді,
Білгесін өзіне ырық бермесіңді.
Мен де сондай құмармын бүлдіруге,
Адам, сені, білсем де жеңбесімді.
Содан маған әрине кектерің көп,
Жете алмадым өйткені көктемің боп.
Дүниенің барлығын қайта жасап,
Сенің ылғи тұрады көктегің кеп.
Дүниенің толтырып олқы басын,
Жүйткіп жүріп сен ылғи жолды ұтасың.
Замананың аймалап желі еседі
Неге менің айдыным толқымасын.
Күн кемірген сауыттай тозбағасын,
Өмір берер ертеңгі өз бағасын.
Айналамның барлығы толған ағыс
Неге бұлар қанымды қозғамасын.
Бұл өмірге жамандық тілей келіп,
Кеттім бе әлде кім білсін үрейге еріп.
Ел ішінен шыққан бір тентек сынды
Дүлейленіп барам ба, дүлейленіп.
Шығып алып осылай тау басына,
Салмақпын ба талайды жамбасыма.
Тасып барам көрдің бе,
Асып барам...
Міндім білем қаһардың арбасына.
Аунап түсіп тау, құздар төбесімен,
Қара жер де сөгілсін көбесінен.
Бірақ,
Бірақ Дүние кетер емес
Қара ұлтандай қақырап шегесінен.
Түк шығара алмаған жазған болдым,
Өмір менен өлімнің егесінен.
Неге ендеше апат боп аталамын,
Бұратылып келмейді қаталағым.
Атасынан алапат алпауыттың
Туғанмын деп қалайша бата аламын.
Арнама сап арманым көсіле шап,
Болмаса олай,
Боламын несіне шат.
Мен де бүгін өмірде апат барын
Кеттім білем әдейі есіңе сап.
Тыңда мені
Сонан да түрегеліп,
Бұл өмірді жайнаттың күле келіп.
Бірақ сен де тым жаман үйренбеші,
Кеңге салып арқаны жүре беріп.
Толқын күші топырлап қақпа опырған,
Арнамды енді гүлді өңір баққа бұрам.
Қотарылған аспанның мұхитындай
Қазанынан таулардың ақтарылам.
Ақтарылам айдыным,
Аумағыммен,
Қасқайып тұр тау-тасың
Бау-бағыңмен.
Атқылаған вулканның көзін жауып,
Тұра аласың ба ей, Адам, табаныңмен.
Адамсың ғой дүлеймен егесің көп,
Ақтарылам көр енді бөгесін боп.
Сұрайсың ба көктегі қара бұлттан
Нөсеріңді неге сен төгесің деп.
Ақтарылам,
Себебін сұрамағын,
Бір орнында толықсып тұра ма ағын.
Бөгеп көргін ей, Адам, мықты болсаң,
Омырауыммен соғамын,
Құламағын!