14.03.2022
  153


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТАСҚЫН-СЕЛМЕН БЕТПЕ-БЕТ

Көрсең шіркін кезімді алабұртқан,
Тауларымды шайқаймын қарауытқан.
Өйткені мен өзіме алсам керек
Жойқын-жойқын жасынды қара бұлттан.
Жарқылдаған жанарды оқыс бұрам,
Тауыңды әкеп тауыңа соғыстырам.
Бір шеттегі мұхитты
Қиырдағы
Бір мұхитқа құямын, тоғыстырам.
 Көк пен жердің арасын жалғастырам,
Аспанға атып бәрін де алға астырам.
Қажет көрсең
Көзіңмен көргін бірақ
Күн мен Айды табанда алмастырам.
Мен боп, әне, көгіңе жалғасты ұран.
Сууды әсте білмейді қызғын денем,
Мен адаммын,
Биікпін құз күндеген.
Дүниенің тажалы
Соғысты да
Менің қолым емес пе тізгіндеген.
Дүлейіңді мен әлі көп көремін,
Жасыдың ба?
Жасын боп от беремін.
Жойқын, тасқын!
Қай кезде кетіп еді,
Жойқыныңнан жұлынып көк терегім.
Ала қойған жоқ әлі еркімді аспан,
Сәулет болдым ғаламат көркіңді ашқан.
Дүниенің қызуы көтерілсе,
Мына мен ғой
Оның да өртін басқан.
Жайшылықта мергенмін құс аулаған,
Өмірімнің алайда түсі аумаған.
Мен тұрғанда
Өзіңдей асауларды
Кім еді деп ойлайсың тұсаулаған.
 Қилы-қилы қаралы қасіретпен,
Сезе білсең қаншама ғасыр өткен.
Жиырмасыншы ғасырдың жүрегіне
Сіңіп кеттім керемет қасиетпен.
Жалғанда жан емес ем тірі егілген,
Думан құрып,
Сәнді өмір сүре білгем.
Қасиеті бұл жердің болмас еді,
Мен болмасам
Өмірге күле кірген.
Албырт мінез кеткем жоқ жастан өтіп,
Айға бардым кеп-кеше аспан өтіп.
Мен – Юрий Гагарин
Туысымын
Кеткен мәңгі өмірін дастан етіп.
Дүниеде бітпейді бір арманым,
Қыран жүрек күндемес қыран бағын.
Ақиқаттың жолымен түзу жүріп,
Ту етемін елімнің ұрандарын.
Асқақ рухы тірі өліп,
Көрге бұққан
Жан емеспін жалғанда желден ыққан.
Жиырмасыншы ғасырдың перзентімін
Өрлік пенен Ерлікті елден ұққан.
Мен тұрғанда деме сен көк құлайды,
Төге салып төбеңе отты, ылайды.
Құдіретім жетпесе
Еріккенде
Жасап ала қояр ма ем жоқ құдайды.
 Шаттығы бұл әрине келбетімнің,
Өзім ғана толтырам кем-кетігін.
Қыран ғасыр мен болып самғауда, әне,
Бар арманын арқалап жер бетінің.
Шапқан сайын көсіліп қарқындағам,
Қарқындағам және де алқынбағам.
Өзіме аян Қаһарман екендігім
Қасиетті жолдардан тартынбаған.
Көкірегін күн сайын күй кернеген,
Зергермін ғой –
Жерім жоқ сый көрмеген.
Ізгі әмірім келеді түгел жүріп,
Өңір бар ма
Мен әлі игермеген.
Қия құздан,
Тар жолдан жебеп өткен
Баба рухым қолдауда ерен еткен.
Жойқын тасқын!
Кеттің-ау аласұрып,
Адамнан өткен сонша керемет пе ең?!
Кете алмайсың тажалдай таптап өтіп,
Жығыласың сен әлі баққа жетіп.
Алатаудың құзынан ақтарылсаң
Көкірегімді тосамын қақпақ етіп.
Тұғыр емен жалтақтап мешеулеген,
Зұлым жолын тұлпармын кесе өрлеген.
Көкірегім көк сауыт
Өткізбеген
Бұршақ түгіл оғыңды нөсерлеген.
 Таңнан тұрып жаңғыртып жар саламын,
Қызыл гүлмен өрілген барша алаңым.
Суға салсаң батпаймын,
Бұйра жалды
Толқыныңа толқын боп қарсы ағамын.
Тентек бала сықылды тұра қашып,
Кетем десең өзің біл жырақ асып.
Шөл далаға күні ертең
Жосылтармын
Жарма қақпа жартастан бұлақ ашып.
Күшке айналып жерімнің бел, төсінде
Жігіт-жүрек зұлматпен белдесуде...
Мен өлмеймін ешқашан
Арман-ойым
Нар халқымның көктеп тұр кеудесінде.





Пікір жазу