14.03.2022
  271


Автор: Рафаэль Ниязбек

ОН СЕГІЗДЕР

Соңдарынан жүгіріп ерсеңіздер,
Ерсеңіздер,
Тағы бір көрсеңіздер.
Сарбаздардай қамалды бұзып кірген
Баққа сүңгіп барады он сегіздер.
Тал көмкерген таулардың бөктерінде,
Самалымен сәуірі жеткенінде,
Он сегіздер –
Бүр жарған ақ қайыңдар
Желкілдеген көгілдір көктемінде.
Қолдарына алаулы шырақ алып,
Кең даланың төсіне тұра қалып,-
Он сегіздер –
Атылған жанар таулар
Көкірегінен жататын бұлақ ағып.
Соғыс бұлты көгімнен төнбесін де,
Адам біткен жамандық көрмесін де.
Он сегіздер –
Жаңадан жанған шамдар
Жаңа біткен үйлердің бөлмесінде.
Тұрған кезде төбесі көкке тиіп,
Шыбын жанан шыңғыртып кекке түйіп,-
Он сегіздер –
Жетіқат жер астынан
Атқылаған мұнайлар көкке биік.
 Көк пен жердің арасын өрелепті ер,
Ездерді де дегендей жебеп өткер...
Он сегіздер –
Жаңадан бастау алып,
Жасалып жатқан ұлы кереметтер.
Ар жолында айрылып бас, құлақтан,
Тауларды атып құзынан тас құлатқан,-
Он сегіздер –
Елімнің жастығы ғой
Бұла күші бойында тасқын атқан.
Тартқан еді сан ғасыр шеру елі,
Қалды артында сергелдең серуені.
Көз ұшында жосылып
Барады, әне,
Он сегіздер керуені.
Таңның күліп тұрам деп атарында,
Күннің жүріп тұрам деп батарында.
Кетіп, әне, барады
Менің де інім
Он сегіздер қатарында.
Жылдар жаққан тазалап күйелерін,
Қайта жалғап үзілген күй өнерін,-
Он сегіздер жетелеп
Барады, әне,
Шежіре артқан ғасырдың түйелерін.
Желпіп өтіп балауса құрақтарын,
Гүлге бөлеп мекен-жай, тұрақтарын,-
Он сегіздер жүр, әне,
 Қайта жағып,
Сұрапылдың өшірген шырақтарын.
Өткен кезде жүгіріп шапшаң айлар,
Мұрат-ау деп атылып жатса қайнар.
Көрдің бе, әне,
Жүректің өртіменен
Тұрғызып жатыр жаңа Қапшағайлар.
Көкірегін кернеумен дара шабыт,
Өмірінде көрмеген аласарып.
Он сегіздер жүр, әне,
Ен далада
Қабырғалы ғаламат қала салып.
Тайып әсте көрмеген жолдан ғажап,
Олар үшін болып па тоңған да азап,-
Он сегіздер жүр, әне,
Тың төсінде
Кереметтің бәрін де қолдан жасап.
Көкке қадап жұлдызды жебелерін,
Білген елге не қойып, не берерін,-
Он сегіздер жүр, әне,
Көк айдында
Ерттеп мініп замана кемелерін.


Сүйген ердің нарларын,
Жараулысын,
Жалындысын,
От шашқан алаулысын,-
Он сегіздер жүр, әне,
Дауыс беріп,
Төбесіне көтеріп қалаулысын.
 Құба жонға көз салып көрсеңіздер,
Он сегіздер –
Тулаған сел-теңіздер.
Жаңарады дүние, жасарады
Жүрген кезде осынау он сегіздер.





Пікір жазу