ҚЫРАН – АСПАН
Зерленген ер-тоқымы ауып көктен
Арғымақ па шың-құздан шауып та өткен.
Жұлдызды аспан секілді алып қыран
Өн бойына алтын оқ жауып кеткен.
Құдіретін танытып нарқы көптің,
Арасымен самғаған жалқын оттың,-
Алып қыран – аспанды құлатуға
Күші де ерен жетпепті-ау алтын оқтың.
Бұған бола дүрмекті ел тына қалмас,
Қанша жерге шапқанмен бұла талмас.
Алып қыран – аспанды
Жай оқ түгіл
Құдай атқан оқ та енді құлата алмас.
Сертті жүрек ерліктің жазы құшқан,
Бауырынан жұлдызды – қазына ұшқан,-
Қыран – аспан мәңгі алға самғай бермек
Күйінде ылғи қанатын жазып ұшқан.
***
Жасыл орман тұрса анау баулары боп,
Қалай ғана шаба алар жаулары кеп.
Жетісуды ту етіп тік көтерген
Елмен бірге құз кеуде таулары көп.
Нұр боп ағып жосылған жотасында Ай,
Асқар таудың ақ мамық ботасындай.
Хантәңірі асқақтап тұрған жоқ па
Заңғар ала шыңдардың атасындай.
Дүниеге жаугер боп қарағалы,
Қолдан түсіп көрмеген жарағы әлі.
Қасиетті Қаратау
Білгендерге
Ғасырлардың қайыспас қара нары.
Бұла ағысты бұлағы –
Шешендігім,
Топқа түсіп шыңдалып, төселді үнім.
Абыз жүрек Алатау аман болса,
Өлмес, сірә, менің де көсемдігім.
Ұшқанындай қарсы ағып жауынға оқтың,
Жарқылдайды-ау маңдайы дауылда оттың.
Содан ба екен жауы жоқ болатыны
Көкірегінде көк мұзарт тауы жоқтың.