14.03.2022
  150


Автор: Рафаэль Ниязбек

САРАНЫҢ АЙНА КӨЛІ

Ұмытар ма туған ел жорға алыпты,
Жорға алыптан қашанда жол қалыпты...
 Сара ақынның көргенде айна көлін
Ғафу ақын былайша толғаныпты:
– Жанышқан-ды
Тәңірден сұрап алған
Сұңқар жүрек жандарды мына жалған.
Сара ақынның әлде бұл көз жасы ма,
Сардаланың төсіне тұна қалған.
Таулы өлкенің тақтадай тай тасына,
Сара ақынның жайған бір жаймасы ма?
Жорға атымен ағыза жөнелгенде
Түсіп қалған әлде бұл айнасы ма?
Сұлулықты көрмеп ем бұрын мұндай,
Терең, сірә, болар ма сыры мұндай.
Анау тұрған жасыл жал
Ақын қыздың
Жеке дара өрілген бұрымындай.
Айна көлін –
Сараның көзін көріп,
Депті осылай ақжелең сезімге еріп.
...Қасірет-мұң
Қанды қол қарақшыдай
Жүдеу тартқан даланың кешінде өріп, -
Бұла қыз боп туғанмен
Бұла ақын боп
Жүре алмаған шығар-ау төсін керіп.
Көрмегесін төрінен дос аттанып,
Тұрды ма әлде өмірі тозақтанып.
Кете барды шөлдегі бұжыр томар –
Жиенқұлға тағдыры қосақталып.
 Тағдыр қолы алғанда желке етінен,
Жұлдыз ағып түсіпті келбетінен.
Жер астынан іздеуге кетті-ау солай
Таба алмаған бақытын жер бетінен.
Отырғанда кеште анау ел жайланып,
Шыға бере құба жон – белге ойланып,-
Сара – жасын өртеніп кенет лезде
Кетті ме еріп...
Кім білсін көлге айналып.
Көкірегінен күй-жыры шалқып өріп,
Қыздың бұ да
Бұла өзін жалқы көріп,-
Жер жігіттің қойнында
Қорғасындай
Болар, бәлкім, жатқаны балқып, еріп.





Пікір жазу