ҚАЙРАУ
Жапанды жалғыз жаңғыртып құла
ақ таңда,
Дауылды аңсап туған ем боран, ақпанда.
Асықпауым қалай?
Сіресіп жатқан көк мұздар,
Ағыл да тегіл көктемде еріп жатқанда.
Көрмедім әсте жығылып асау аттан да,
Сарбаздар тартқан жебедей зулап аққанда.
Асықпауым қалай?
Шау тартып лезде қалдым ба,
Қырларда гүлдер асығыс көктеп жатқанда.
Түнгі аспан жұлдыз-аспалы шамын
жаққанда,
Біте ме жұмыс үйімде тыныш жатқанда.
Асықпауым қалай?
Ентіккен ауыр составтар
Алтынға толы вагонды сүйреп аққанда.
Асықпап едім,
Болмады кезім шалқыған,
Болмады кезім әнге де бойым балқыған.
Жартасқа суық айналып кете жаздаппын,
Қараңғы түнде манаурап босқа қалғыған.
***
Әлемнің барлық нұры жаусын маған,
Қыранның көк жүзінен даусын бағам.
Көл біткен буға айналып тартылады,
Дариям менің бірақ таусылмаған.
Арман боп алғы күнге келсек деймін,
Тағдырдың өзін онға бөлшектеймін.
Иығы талған мынау тау шөгеді,
Бір елі төмен бірақ мен шөкпеймін.