ЗАВОДТА
Бір шетін қойыпты ерен қақпа қылып,
Бір шеті жатыр қазан жаққа бұрып.
Қазылған топырақтар
Жер астынан
Бойымен каналдардың жатты ағылып.
Бұларды жүйелер көп саралаған,
Асылын және бөлек даралаған.
От өзен – тулап аққан қан тамыры,
Заводтың тұла бойын аралаған.
Көгілдір түске бояп жасыл көгін,
Тұрмақ ол будақтатып жасын-демін.
Қаншама қазандардан өткізеді,
Қорытып шығарарда асыл кенін.
...Түскендей жанарының ішіне күн,
Келмейді ержеткесін күшіне кім.
Өмірдің қазанында қорытылған
Адамды шын асыл деп түсінемін.
***
Көктегі күн бұйрат құм, жалды асқанда,
Арман қанат құстарым жанды аспанда.
Жарқылынан ұшқын боп жаралыппын,
Ғасырлар мен ғасырлар алмасқанда.
Бақастықтың
Сондықтан жыры бөтен,
Ай менен Күн – көзімнің нұры ма екен.
Басып өтем жалғанды жалпағынан,
Өйткені мен салтанат құрып өтем.
Күнге созып қолымды дүркін өсем,
Бұлтты қуып көшкенім –
Дүркіресем.
Жалпақ елге орнаған көктеммін ғой,
Қырлар түлеп жатады күркіресем.
Тоқыраған ағысты тулатамын,
Жетіп жатыр өйткені ұлы атағым.
Тіршілікті тірілткен – құдіреттей
Қара ормандар қалғыса –
Шулатамын.