14.03.2022
  364


Автор: Рафаэль Ниязбек

БЕЙБІТШІЛІК ҚАМАЛЫ

Бейбіт елдің қамалы алынбаған,
Күн туса да оқ борап дабылдаған.
Дүние түгел тыныштық құшағында
Нұрлы әлемнің төсінде дамылдаған.
Жауыз болса...
Нар халқым алқымдайды,
Сертті жолдан қай күні халқым тайды.
Батыр ұлын мінгізіп шапқан кезде,
Тұлпар далам ентігіп алқынбайды.
Күні туса жауыздық қарқындайды,
Оқ атудан қымсынып тартынбайды.
Бейбіт күні жер жыртқан соқа жүзі
Семсер болып қайтадан жарқылдайды.
Сәуле жіптің бойымен тербетілген,
Көктемдердің айналдым келбетінен.
Бірте-бірте тартылған көлшік құсап,
Жаулар құрып барады жер бетінен.
Арайланып атуға ынтық ақ таң,
Өлім келсін адамға мылтық атқан.
Бұзылмайтын қамалым – Бейбітшілік!
Ұста халқым соқты оны ынтымақтан.





Пікір жазу