14.03.2022
  224


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАЙДАСЫҢ, БАУЫРЫМ?

Әуелбекке
Азамат жігіт сынайды топта өз бағын,
Ұраның сенің болмасын бірақ өзге ағын.
Жорықты жылы майданға жортып кетіп ең,
Соңыңнан ертіп ауылдың бір топ боздағын.
Өрен боп туып, жігіт ең өскен нұр аңсап,
Көгіңде жалғыз шарықтап ұшқан қыран шат.
Шабындық жерді жапырып өткен дауылдай,
Қаптаған жаудың қайтардың бетін ұран сап.
Қураған баудай көре алмай кеткен жемісін,
Жеңілді жаулар суарып қанмен егісін.
Бір өзің жоқсың
Қырандай сонау саңқылдап,
Ауылға жетті Берлинді алған жеңісің.
 Сондықтан сені мүмкін бе жүру сағынбай,
Сағынам әлі балалық нұрлы шағымдай.
Оңай ма күту...
Оралмай кеткен адамды
Далаға сіңіп, жоқ болған бұлдыр сағымдай.
Жүрегім менің сені іздеп, жаным, шөлдейді,
Жылаудан анаң қаптады көзге шел дейді.
Тірісің, жаным!
Өзінің Отан-үйіне
Жаны мен рухы өлгендер ғана келмейді.
***
Сыбағам,
Бақытым бар атқан таңда,
Көзімде нұр ойнайды шаттанғанда.
Қиынын қоштасудың кім біліпті,
Мен білдім майданға әкем аттанғанда.
Жатқанда есі шығып есіл жердің,
Қарлыққан қараша қаз көшін көрдім.
Енді-енді есім кірген
Сол жылдары
Мен білдім бар екенін жесірлердің.
Жанардан атылғанда жыр шоқтанып,
Жүрегім жүгіреді нұр шаққа алып.
Қаһарлы сол күндердің көзіндей боп,
Әкемнің мылтығы үйде тұр сақталып.





Пікір жазу