14.03.2022
133
ШЫРАҚ
І
Көк жүзінде қанатын қағып өткен,
Қырандардың ғұмырлы бағы неткен.
Қара бұлттар көк жүзін торлағанда
Шырағы едім әкемнің жағып кеткен.
Келем әлі мен жанып –
Бір сөнбедім,
Шатырлаған жасын боп жүрсем дедім.
Құндыз жаға ішігім - әкем мерт боп,
Ақпандатқан боранда бүрсеңдедім.
Бүрсеңдедім,
Бірақ та үсімедім,
Шойын кеуде әкемнің күші ме едім.
Үсімеген тіршілік көктейді ғой,
Махаббаттан соғылған мүсін едім...
ІІ
Алып-ұшқан арманның жетегінде,
Мұратыма жетіппін мекенімде.
Қала сайын мен енді шырақ жағам,
Дүрсілдеген өмір боп өтемін де.
Маңайыма көбейсе жұрағаттар,
Алтын орда – үйіме бұлақ аттар.
Қала сайын ұл-қызым тұрса егерде,
Сол емес пе мен жаққан шырақ-оттар.