Поэмалар ✍️
ЖАЛЫН КЕШКЕН
(Революция туралы монолог-поэма)
Жан емен жасып, семіп тірі егілген,
Қара түн туырлығын түре білгем.
Сөйлесем мен сөйлеймін
Тілмен емес
Ақиқат туындаған жүрегіммен.
Сілкінем - қос шырағым күлсін күндей,
Бұлқынбай бұла күшім іркілсін бе-ей.
Қыран да тұғырынан ұшпайды екен
Өзінің тұғырында бір сілкінбей.
Салмайды тереңге кім өз қармағын,
Тепсінбей нар толқынын қозғар ма ағын.
Мен айтсам шындықты айтам,
Ұқтыра айтам,
Келмейді әб жыландай көзді арбағым.
Сәтім көп өре шауып ұрандаған,
Тірлікте қоймау үшін – жыланды аман.
Болған жоқ жұрт алдында кезім менің
Түлкінің құйрығындай бұлаңдаған.
Серпіліп жолатпағам түнді өзіме,
Шаң-тозаң қондырмағам күмбезіме.
Азулы аузым толы отты ұрандар,
Сөйлеймін тура қарап күн көзіне.
***
Тыңдағын ғұмырымның жырын, далам,
Келмейді бір өзіңе қырын балаң.
Өйткені мен де алғаш сүт ембеген
Сәби боп бесігімде шырылдағам.
Ол кезде бердім бе өжет жырды ұғына,
Жетем деп бұл өмірдің шындығына,-
Береке ғұмырымда бір таппадым
Жамалып тозған шекпен жыртығына.
Бұлақтай ақтарыла күлсем деп ем,
Жұлдыз боп қараңғыда бір сөнбеген.
Сары аяз суықтарда,
Киім болмай
Даланың торғайындай бүрсеңдегем.
Ала құйын шабыттай жыр құраған,
Ақ дауыл ашу шақырып бұрқыраған.
Мен сонда қарны аштардың құрсағында
Аш-арық жылқылар боп шұрқырағам.
Жайлады аштық кештің іңіріндей,
Ажалдың хабар салған тірі үніндей.
Үзіліп кетуге шақ тұрдым сонда,
Тарамыс кәрі адамның сіңіріндей.
Телміріп көлдерге үнсіз мөлдіреген,
Орман боп күңірендім селдіреген.
Мен сонда Россияны жаяу шарлап,
Ел кезген қайыршыдай тентірегем.
Ақпады менің сонда бұлағым да,
Көңілді жүзе алмадым жылы ағында.
Орыстың қалжыраған мұжығындай
Жер жыртқан жүрдім соқа құлағында.
Жерім жоқ басты жаудан қорғалаған,
Сенбедім жылпостарға жорғалаған.
Қара жер көгерсін деп
Жерге төктім
Терімді маңдайымнан сорғалаған.
Үйренші ер жігіттің сертін менен,
Келемін лапылдаған өртімменен.
Бір түнде көкке атылған вулкандардай
Сілкініп шықтым тасқын серпінменен.
Жұртымның гүлденер ме бағы мұндай,
Сарыны – тау селінің ағымындай.
Бір жерге топтастырдым көшпелі елді
Даланың көшіп жүрген сағымындай.
Ойымның заманадан озғаны шын,
Қуанам ескі өмірдің тозғаны үшін.
Жауларым баса алмады мен тудырған –
Жұмысшы-шаруалар қозғалысын.
Әлі де жауларымның егесі көп,
Әлі де көрсетпеген төбесі көп.
Солардың сан қадалдым жүрегіне
Сарбаздың шірей тартқан жебесі боп.
Асаумын таудың әлі өр селіндей,
Несі мін мені өзгелер көрсе елімдей.
Мен содан жарқылдаумен келем әлі
Батырдың қолда ойнаған семсеріндей.
Майысып тұрдым сынбай бір шіліктей,
Тірлігін кімдер, айтшы, кірсініпті-ей!
Қамауға алынсам да
Шыға бердім
Тас астын тесіп шыққан тіршіліктей.
Шұғыла нұрдың бәрін уыстаған,
Қос қолым қызыл жалқын ту ұстаған, -
Жау басын допша қағып түсіреді
Ақиқат атаулымен туыспаған.
Жазықта өскен көктей тебіндеген,
Қауладым...
Асылмын-ау тегінде мен!
Жарақты барыс жүрек батыр қолдай,
Қаптаған жаудан қорқып шегінбегем.
Сұрапыл шақтар еді анамды атқан,
Мені де дүркін-дүркін алаңдатқан.
Бітірді мазамды алып ұрылар да
Қанжарын қара түнде жалаңдатқан.
Қорқытып көздерімен қанталаған,
Иттердің кезі болды сан талаған.
Мен сонда қалдым жаудың ортасында
Тұс-тұстан аш қасқырдай анталаған.
Тұрмадым сонда езіліп жамандардай,
Сезіндім бабам бардай, далам бардай.
Жау оғының өтінде тұрып алдым,
Өмірі алынбайтын қамалдардай!..
Қалыпты көкірегім кекпен толып,
Бұл күнге құрыш денем жеткен тоңып.
Көк жусан қар астынан көтерілді
Желегі желкілдеген көктем болып.
Көктем боп сол кез мен де желкілдегем,
Кезім жоқ бірақ құрдай елпілдеген.
Таң атып келе жатқан кезді байқап,
Еліме серпіл дегем, желпін дегем.
Көп кездім сонда мынау нұр арасын,
Сызғылап айқыш-ұйқыш жыр аласын.
Қарадым ертеңіме биігінен
Тұрғызып ақыл-ойдың мұнарасын.
***
Көрмеді бетім қайтып қиындықтан,
Кезім жоқ қара табан құйынды ұққан.
Өлмеймін өлтірсе де
Менің денем
Тұрады небір асыл жиындықтан.
Жалығып көрдім бе алға зымыраудан,
Бауырымда таңба қапты қыл бұраудан.
Ертеңге...
Болашаққа бет түзедім,
Елімді алып шығып шыңыраудан.
Болғасын дауыл қанат жеңіс күнде,
Бау-бағым береді енді жеміс күнде.
Елімді аман-есен келем алып,
Жер шары дейтін алып кеме үстінде.
Сонда елім талаптанды ел болам деп,
Сонда ерім қанттанды ер болам деп.
Көктем боп келе қап ем,
Жер де күлді,
Көсегені көгертер жер болам деп.
***
Мен бе екен құлап түсер көрге түнде,
Күш болып дарып жүрдім ерге күнде.
Жалынан күрестердің қол жазбадым,
Жауыздық құрысын деп жер бетінде.
Мен сонсоң жандым жұлдыз шырақтардай,
Көсілдім желден жүйрік пырақтардай.
Құйылып жатты маған
Әр бір халық –
Алыстан жеткен ағып бұлақтардай.
Бойында асау қаны дуылдаған,
Құс тілді қара орманмын шуылдаған.
Жер шарын қорғап өткен бар халықтың
Шындықпын жүрегінен туындаған.
Сондықтан құламайды тағалы аспан,
Мен оған, ол құшағын маған ашқан.
Төсінде жарқылдаған найзағайлар
Кезім ғой қара бұлтпен жағаласқан.
Ол кезде жатты жаным жал-құздарда,
Жалқын боп жетемін деп таңғы ызғарда.
Шалмақ боп аяғымнан көп жүгірді,
Ішіме кіріп алған жансыздар да.
Мен өлсем ойлады елі жылайды деп,
Көз жасын көлдей ғылып бұлайды деп.
Туды да мен қадаған сан көздеді,
Ту құласа –
революция құлайды деп.
Несі қалды, білмеймін несі кетіп,
Қара нар қайсарлықты несібе етіп,-
Байқасам осы күнге жетіппін-ау,
Жалынын қалың өрттің кешіп өтіп.
Бұл тұста жаңылмады ел есінен,
Ертеңге арта берді кемесімен.
Мен сонда көрініп бір отырушы ем,
Жарқырап жаңа күннің белесінен.
Қара бұлт қара құстай төнсе өріңе,
Несі мін сыналар шақ келсе еріңе.
Сол кезде асқақтаған батыр халқым,
Қол салғын мендей асыл семсеріңе.
***
Даланың нұр боп ойнап түр-өңінде,
Дүрсілдеп жатам адам жүрегінде.
Келемін молшылықтың арнасы боп,
Соқаның жер қопарған түренінде.
Астына нұрдан кілем төсегесін,
Бұл адам жібереді неге есесін.
Мен сонау алтын күрек көктем болып,
Тастың да көгерттім-ау көсегесін.
Төсінде сан тарау жол тармақталған,
Шөл дала құба төрім арнап барған.
Көгілдір ГЭС – тер болып гүрілдедім,
Тау-тасты бұзып-жарып арна ақтарған.
Намыс бар ма өр рухым оятпаған,
Сұрғұлт жүзін қызылға боятпаған.
Сұқсыр боп ем бір кезде,
Бертін келе –
Сұңқар болдым күреске тояттаған.
Дүркін-дүркін қожасы таяқтаған,
Жалғыз ем бұрын қырда саяқтаған.
Ереуіл боп басталып көшелерде,
Соғыс өртін ерлер боп аяқтағам.
Тұрамын содан елдің кермесінде,
Самғауға,
самғау үшін дер кезінде.
Мен алғашқы орылған алтын дән боп,
Отанның тұрам кербез көрмесінде.
Бағыма бұлақ түгіл өзен кірген,
Құлпырды тозған жылдар – кезең бірден.
Ғасырдың туған маңғаз зергеріндей
Заманды шұғыламен безендіргем.
Өмірде қалмауы үшін бала тоңып,
Мұз жастап, қар жамылып дала қонып,-
Мен айтсам тоқсан жолдың торабында
Қол создым тоқсан түрлі қала болып.
Самғасам қанатымда от өрілген,
Бақытпын жаңа үйлерге төте кірген.
Мен едім сонда мынау кең далада
Зауыт боп қадау-қадау көтерілген.
Есердей мінезім жоқ тоңқылдаған,
Жүгірем қол баладай томпылдаған.
Байлық боп жетудемін дос елдерге
Үстімен шойын жолдың солқылдаған.
Бұл жалған кете берсін желдесін де,
Даланың тамыр жайып бел-төсінде,-
Жүрек боп соғып тұрмын,
Соғам әлі
Дүрсілдеп Дүниенің кеудесінде.
***
Сұмдықты шауып, жойып қылаңдаған,
Көсілгем,
өрге шауып ұрандағам.
Сүрініп, жығылсам да алға ұмтылдым,
Жол бермей құйындарға бұраңдаған.
Таулардың қармен басқан шатқалдарын,
Жылдардың көрдім және ақпандарын.
Жіберді мұны да ерітіп,
Көктем болып,
Кеудемде нұрға оранып жатқан дарын.
Бұл жолда ер айырылды бауырынан,
Даланың ақты қандар сауырынан.
Әйтсе де мен елімді қалдым қорғап,
Заманның аласапыран дауылынан.
Құдірет!
Мадақтауға сөз қалмаған,
Құдірет!
Қараудан бір көз қанбаған.
Тарихтың дөңгелегі зымырады,
Өмірі бұрын-соңды қозғалмаған.
Төсіме бақыт құсым тұрақтаған,
Келіндей босағамнан нұр аттаған.
Бүйірден көз алартқан жаулар жоқ па,
Ә, олар...
менен алас жырақтаған.
Ақ жарма арнасында нұр ағылған,
Су алып ішесің бе бұлағымнан.
Осынау ұлы бақыт – ұрпақтарға
Жер шарының саулығын мұра қылғам.
Айналам нұрға толы – көрікті өлең,
Шаттықтан желдей есіп желікті өрен.
Жер үсті, аспан асты не боп жатыр,
Бәрінде көсем көзбен көріп келем.
Қаласаң тұғыр соғам шың-құздардан,
Мен кейде сұстымын да түнгі ызғардан.
Шығыстан аппақ таң боп атамын да,
Түнімде шырақ жағам жұлдыздардан.
Даланың қоңыр салқын кештерінде,
Ілесіп жүрсем керуен – көштерінде,
Ал бүгін құрыш болып қорытылам,
Домнаның от боратқан пештерінде.
Жайлаған бүкіл өңір – кеңістігін,
Елімнің кім толтырар кемістігін.
Бір менің көз алдымда боп жатады,
Осынау қасіреті жер үстінің.
Даланың жалғыз жайлап кеңістігін,
Береді өз қолынан жеңісті кім?
Бір менің көз алдымда боп жатады,
Осынау бар бақыты жер үстінің.
Бола ма оза шауып дара шықпай,
Кетті, айтшы, қай жауыңды дала жықпай.
Саулығын жер шарының келем қорғап,
Осынау көзімдегі қарашықтай.
Шығам деп жаңа күннің белесіне,
Ғарыштың мінем әлі кемесіне.
Қорған боп тұрам және дақ түсірмей,
Отанның аппақ нұрлы денесіне.
Шұғылам қалың селдей жайылмаған,
Айтпағын со бір кездің жайын маған.
Мен сонда көзсіз батыр атанып ем,
Алдында көр тұрса да тайынбаған.
Әлі де қалған жоқ сол өжеттігім,
Көрген жоқ және мені тежеп күнім.
Алдымнан кімдер менің шығады, айтшы,
Шыққан жоқ шешендер де безеп тілін.
Сондықтан шыбын құсап ызыңдаған,
Төбемнен ұшпайды оқтар ызылдаған.
Ақ иық революцияны түсінбейді
Ақ жалын алауыма қызынбаған.
Жүргесін қызып, қозып денем көптен,
Көгіме рухым толы өлең жеткен-,
Құлағын түріп алған дүниені
Тұлпардың дүбірі боп елеңдеткен.
Мен бе екем алға ұмтылып қарманбаған,
Үмітім көп пе еді әлде жалғанбаған.
Әлі де жүзеге асып шырқай бермек
Адамның ұлы істері армандаған.
Жүйріктің түйдек-түйдек дүрмегінде,
Осылай құстай самғап жүргенімде,
Байқадым бір қара бұлт келе жатты
Таулардан биік заңғар жыр көгімде.
Көктемнің қабағандай түнермеген,
Қаншама оқ тисе де Күн өлмеген.
Жонымнан таспа тіліп алмақшы боп,
Семсерден болат қамшы кім өрмеген?
Әлгі бұлт бірі екен сол қара құстың,
– Келеді , – дейді, – әлемді дара құшқым.
Сол кезде қорғайын деп нұрлы Отанды
Жан-жаққа ақ сәуледей тарап ұштым.
Сол еді шамырқанып жарды асқаным,
Қолыма қайта қонды алдаспаным.
Құдай-ай, қалып қойды қара құстың
Қанды қол шеңгелінде жарты аспаным.
Қара құс тосты алдымнан жасқайтындай,
Жасқайтындай, бір сұмдық бастайтындай.
Алып жердің кіндігі – Кремльге
Жүгірдім жаулар бомба тастайтындай.
Даланың табан тіреп кең төсіне,
Жарқылдап ақтым алмай желді есіме.
Жүгірдім жаулар оғы тимесін деп,
Лениннің тағы да алтын кеудесіне.
Жүгірдім оқтан бұрын жететіндей,
Қамалын бұзып-жарып өтетіндей.
Жүгірдім сәл кешіксем –
Мовзолейден
Ленинді жаулар алып кететіндей.
Серпіліп қоңыр салқын самалдардай,
Сезіндім бабам бардай, далам бардай.
Тағы да жау өтіне тұра қалдым
Өмірі алынбайтын қамалдардай.
Өйткені мықты менің түлектерім,
Айқасып жатқан жолдар – білектерім.
Туысқан халықтардың кеудесінде
Тыңдашы,
Дүрсілдейді жүректерім.
Алаулап жанам содан жалқындардай,
Жүзімнен ызғар шашпан салқын қардай.
Біздегі ұлы достық шірімейді,
Тамырын терең салған алтындардай.
Сондықтан алынбайды тас қамалым,
Қарастыр болса, жаулар, басқа амалың.
Арманым соғыс өртін болдырмау ғой,
Батырып тереңге ылғи қас жаманын.
Бұлақтар көбеймей ме тоғысудан,
Бабалар тірілді ме оқ ұшудан.
Наполеон,
Ақсақ Темір,
Шыңғыс хандар
Көгеріп өсті ме өніп соғысудан.
Өскен жоқ,
Тек бұзды елдің тыныштығын,
Жеріне кетті арқалап күл ұшқынын.
Олар да бұза алмаған,
Ей, Гитлер!
Біздегі ұлы достық – құрыштығын.
Өйткені батыл, батыр түлектерім,
Айқасып жатқан жолдар – білектерім.
Туысқан халықтардың кеудесінен
Атылды дүрсілдеген жүректерім.
Найзағай төнді оларға көк төрінен,
Арманда кеткен баба кектерімен.
Даламды жайлап жатқан заңғар таулар
Жауларға ұшты қарсы бөктерімен.
Асқынған дерттей асқан шектерінен,
Қырылып жатты жаулар шеттерінен.
Әрине соғысудан түк өнбеген,
Ал жаулар өліктерін түгендеген.
Мұның да аптығын тез баса қойдым,
Жігіттей өз асауын жүгендеген.
Дос келсе – тартам алға шарап, тағам,
Жау келсе – басын алар жарақ табам.
Сондықтан менің нұрлы Отаныма
Ту сырттан жау болмасын қарақтаған.
Ажал боп қара түнде жалаңдаған,
Құлқыны қырғын тілеп арандаған,-
Көрмейін, ей, жауыздар, бұдан былай
Біріңді құба жоннан қараңдаған.
Елмін мен қыран салып, саяттаған,
Ез емен елден жырақ саяқтаған.
Берлиннен жолдама алған сол соғысты
Берлиннің қақ төрінде аяқтағам.
Қанды көз қарақшыдай қараулаған,
Фашистер тізе бүкті танаулаған.
Басына Рейстахтың ту қадалды
Көктегі күн нұрымен алаулаған.
Осындай ұлы бақыт – жеңісті күн,
Толтырып кетті елімнің кемістігін.
Жеңіс! Жеңіс!
Осы сөз шарлап кетті
Әлемнің бүкіл нұрлы кеңістігін.
Күмбезін соққан сомдап қылаң қыштан,
Ерім көп жаратылған ұлы ағыстан.
Жарылып кетпей қалай аман қалды
Жер шары сол күнгі ұлы қуаныштан.
***
Жеңіспен оралды елге түлектерім,
Жол болып тартылды алға білектерім.
Туысқан халықтардың кеудесінде
Армысың, дүрсілдеген жүректерім.
Армысың ақ арайлы таңды аспаным,
Сол асқақ күйінде әлі қалды асқарым.
Дауылдан кейін үлкен тыныштық қой,
Түренге қайта айналды алдаспаным.
Көгімді тұр көтеріп тең білектер,
Асау арна сияқты сел-тілектер.
Көрдің бе, музейлерге барады еніп,
Автомат, пулеметтер, зеңбіректер.
Тумасын кезең қолға қару алар,
Қанға емес, сүтке толсын ару анар.
Байқасаң бір Ғасырға жүк болғандай
Соғыста қирап біткен шаруалар.
Осынау кезеңде де аштан қатқан,
Елімді мен емес пе ем аспандатқан.
Шынымен жойқын күшім құрыды ма,
Қопарып жанар тауды аспанға атқан.
Жоқ, жаным, керек емес күлкілі елес,
Болмасын көз алдымда дүркін егес.
Тусырап жатқан кезде кең Дүние
Бітуім менің және мүмкін емес.
Заңғарды жастық қылып жастанамын,
Ұлылық атаулыға астанамын.
Дүние бітсін мейлі жылан жалмап,
Бәрібір мен қайтадан басталамын.
Апайтөс омырауымды кеңдік деймін,
Сөгілген жерлер бар ма – жер түптеймін.
Дүние жаңғырды ма – жаңғырамын,
Дүние бітсе мейлі – мен бітпеймін.
Жарқылдап жанды, міне, жаңа оттарым,
Серпіле қағып болат қанаттарын.
Қайтадан будақтатты көк түтінін
Соғыс жылы қираған заводтарым.
Жолымды бөгеді тек бұрылыстар,
Сынды тек бақыт үшін шыны ыдыстар.
Қайтадан күн көзіне созды қолын
Тоқтаған соғыс жылғы құрылыстар.
Тастаған арқан сынды өте керіп,
Түп-түзу жолмен жүрдім төте көріп.
Көгілдір ГЭС-тер қайта гүрілдеді
Тоқтаған шөл далаға жете беріп.
Үзілген тамырларды жалғастырып,
Ертеңгі күнге ұзатып, алға астырып,
Төрінде отыр бүгін қариялар
Өз орнын жас күштермен алмастырып.
Қариялар – телегей дариялар,
Оларға алғысым көп жариялар.
Осынау қанды қырғын соғыс жылы
Тыл жүгін арқалап ед қариялар,
Оларға алғысым көп жариялар.
Мұз жастап, қар жамылған қыстап қырды,
Олар талай жүрекке сыз қаптырды.
Осынау соғыс жылы қариялар
Құлатпай шаңырақты ұстап тұрды.
Қариялар – телегей дариялар,
Оларға алғысым көп жариялар...
Таң сұлу көрінбей ме арайында,
Шұғылам жатыр елдің бар айында.
Сөз алып саңқылдадым, ұран салдым,
Съездер сарайында.
Даланың кең төсіне келе қаптар,
Келмеске кеткен мәңгі жел-ағаттар.
Сөзімді тыңдап, қостап отыр бүгін
Съезге келген сан мың делегаттар.
Олар, міне, келелі кеңеседі,
Даусынан қоңыр самал жел еседі.
Ай нұры сіңген алтын тереземе.
Қай елдің терезесі теңеседі.
Болған жоқ кезім және дамылдаған,
Тәңірің бар ма маған табынбаған.
Келеді жүзеге асып жоспарларым,
Орталық Комитетте қабылдаған.
Зергермін бұл заманды көркемдеген,
Орманмын от салсаң да өртенбеген.
Тірліктің тоқсан тарау саласымын,
Толқынын топырлатып өркендеген.
***
Ғарышқа самғап, міне, келем бүгін,
Көрсетіп қуатымның ерендігін.
Мен шырқап шыққан заңғар биіктерім,
Нұрлы ойдың танытады тереңдігін.
Келемін шарлап әлем кеңістігін,
Қарсы алып тұрмақшы алдан келісті Күн.
Бар әлем құлақ түріп дабылыма,
Бар көзі қадалады жер үстінің.
Қашанғы жүремін деп түстей түнеп,
Жазған-ай, шықтым жойқын – күштей
түлеп.
Жүруші ем көптен бері,
О, Дариға-ай,
Осындай бір самғауды іштей тілеп.
Жанары аспан жаққа қаратылған,
Білсеңіз сырым, жырым дала тұнған.
Құспын мен жиырмасыншы ғасыр туған,
Ал құстар самғау үшін жаратылған.
Дүние дүбірлесін сүйінші алып,
Көкте де өтем енді құйынша ағып,-
Ғарышқа самғау үшін келдім, айтшы,
Қаншама ғасырлардың миын шағып.
Қойғасын еркімді алып төзімді аспан,
Алдыңда санамадым өзімді асқан.
Аршыған бұлақ көзін дауылдай боп,
Ленин ғой...
Ленин еді көзімді ашқан.
Самғадым, зымыраудан кім арланған,
Көкжиек көрінеді мұнарланған.
Жұмыр жер төменде анау қап барады,
Түлкідей бауырымда жұмарланған.
Қара нар қайыспайтын құрыш белім,
Атыңнан айналайын ырысты елім.
От шашқан найзағайлар –
Танауымнан
Ақ жалын лапылдаған тыныс-демім.
Жол тартып бура бұлттар арасынан,
Ғарышқа келем самғап... тарасын ән.
Жер көзі – айдын көлдер қарап қапты
Кеткенше көзі шығып шарасынан.
Көк нөсер – ағыл-тегіл терлегенім,
Ақ дауыл – қуат жиып, өрлегенім.
Аспанды шарлап кеткен ақ армандар –
Ғаламды жалғыз жайлап ерлегенім.
Азапты алыс сапар бұл шеккенім,
Түсінсең күрсінгенім – күрс еткенім.
Жұлдызды түнгі аспандар секілді бір
Шұрқ тесік бір кездегі сұр шекпенім.
Самғаған ұранды ұрпақ - өрендерім,
Көк аспан менің де ұлы ерен төрім,-
Бірге алып ұшқан Ленин идеясын,
Және Сергей Есенин өлеңдерін.
Бармын мен осылай деп жар салуға,
Таңданып жоқпын бірақ тамсануға.
Жұлдыздар қолдарына шырақ ұстап,
Жиналып тұр ғой мені қарсы алуға.
Батыр ем неден болсын қас қақпаған,
Шынар боп өскен жерге тас қаптаған.
Жерімді гүлге орадым,
Енді, міне,
Көкті де бағындырам асқақтаған.
Жауыздың әлі де істер жаулығы шын,
Сондықтан бірге ұшады таулы құсым.
Ғарышқа самғағаным,
Ей, дұшпандар,
Түсінсең жер-шарының саулығы үшін.
Өзің біл қадыр тұтып бағаласаң,
Өзің біл үлкен тұтып ағаласаң.
Мен әйтеуір адамзат бақыты үшін
Құдай ма?
Құдаймен де жағаласам.
Туған ел сені ұшырып жеткергесін,
Жанбасқа хақыңда жоқ от бергесін.
Дариға-ай, келем бүгін,
Келем, міне,
Сыпырып көк аспанның бет-пердесін.
Келмейді менің бірақ қырын басқым,
Көзіме әкелердей жырым тасқын.
Осынау көк аспанның
Осы жолда
Келеді бар құпия сырын ашқым.
Тарылмай жасыл жайлау жерде өрісім,
Дүние түгел гүлмен көмкерілсін.
Адамзат бақыты үшін
Аспаннан да
Жасаймын революция төңкерісін!..
Жауыздың әлі де істер жаулығы шын,
Сондықтан бірге ұшады таулы құсым.
Ғарышқа самғағаным,
Ей, халайық!
Осынау жер-шарының саулығы үшін.
***
Ата жауын ажал боп аямаған,
Күннің нұрын аймалап, аялаған.
Революция дейтұғын бел балаңмын,
Ордалы Отан, өзіңді саялаған.
Топшысы бар сом білек есігінде,
Баспасын деп жаулардың сесі күнде.
Ленин мені түлетіп ұшырған-ды,
Тұншықтырмай тербетіп бесігімде.
Дауылдардың от шашқан көркін көріп,
Қанатымды сермегем еркін керіп.
Ленин мені түлетіп ұшырған-ды,
Жүрегінің ғаламат өртін беріп.
Байғұздардың шырқаған семеді әні,
Қасіреттің шамдары сөнеді әлі.
Ұлы көсем Лениннің шапағаты
Жебеп мені өлтірмей келеді әлі.
Шығып тұрып қырқаның шоқтығына,
Жауыма арнап атамын оқты мына.
Сірі жаным сіресіп жанбаған-ды,
Паравоздың салса да оттығына.
Асау қаны бойында дуылдаған,
Материкпін денесі суынбаған.
Ару ана өмірмін арна ақтарып,
Жүрегінен жақсылық туындаған.
Шайқатылған шараптай шарасында,
Жүрген кезім сияқты дара сында.
Дүниеге сәби боп келіп жатам,
Шатқалдардың сайран сап арасында.
Сәби мұрам... құс тілді жыр бақтарым,
Енді, міне, ақтарам сыр қатпарын.
Жеке-жеке далиған планета
Құрсағымда тепсінген ұрпақтарым.
Демек, демек өлмеймін – көктеп өсем,
Қайтсын енді бір кезде кеткен есем.
Ей, күрескер нар қауым!
Тұқым етіп,
Сепкін мені – маған серт көктемесем.
Сепкін мені Арабтың шөлдеріне,
Құрыш білек негрдің белдеріне.
Сепкін мені аяма, сепкін мені
Шынжыр киген ерлердің елдеріне.
Вьетнамның қылтанақ орманына,
Сепкін мені жолдардың тармағына.
Көкірегін шер жуған үнді еліне,
Үнді елінің сеп және арманына.
Сепкін мені елдерге дос жылаған,
Бұлақ болып жетейін жосқылаған,-
Алабама жерінің алқабына
Темір қамшы арқасын осқылаған.
Сепкін мені тыныштық қасиетім,
Қасиетім көп менің бас иетін.
Сепкін мені
Адамзат тартпауы үшін
Хиросима қайғысын, қасіретін.
Ару ана өмірмін – көктеп өсем,
Қайтсын енді бір кезде кеткен есем.
Ей, күрескер нар қауым!
Тұқым етіп,
Сепкін мені – маған серт көктемесем.
Айдаһардың қақ жарам тұтам басын,
Білем оның мені енді жұта алмасын,
Мен революциямын!
Ал революция
Қалған елде деп пе еді тұтанбасын!
Жүрек күйін келтіріп, сырлап көріп,
Еңку-еңку жер шалған ырғаққа еріп.
Жалын кешкен, оқ тескен жылдарымды
Саған, міне, бітірдім жырлап беріп.
Халқым айтсын қалғанын, ендігісін,
Алып мені кетуге келді құсым.
Еңіреген ер болып өтем әлі,
Өз жұртымның осынау елдігі үшін.
Ата жауын ажал боп аямаған,
Күннің нұрын аймалап, аялаған.
Революция дейтұғын бел балаңмын,
Ұлы Отаным, өзіңді саялаған.