14.03.2022
  137


Автор: Рафаэль Ниязбек

АСЫЛ

Тұлпар тұяқ құланды құлан туған,
Қара шұбар жыланды жылан туған.
Шын асылдар асылдан туындайды,
Көргенім жоқ қарғаны қыран туған.
Ару ана асылсың –
Жоқ күмәнім,
Жанарыңды жарқылдап от қыламын.
Тізгін бермей көп елге жүрген өмір –
Құлағынан тұқыртқан көк құнаным.
Кейде менің көңілім басылғанда,
Болар, бәлкім, мәрт жаның ашынған да.
Содан, міне, кетіппін өртке айналып,
От-жанарың шуақ боп шашылғанда.
Жаңа әлем боп алдымнан ашыласың,
Неге арналы көңілім тасымасын.
 Тағдырымды тау-тасқа бірдей салдың
Сездің бе әлде жанымның жасымасын.
Терең тартқан тамырдан нәр алғасын,
Ару ана шуақ боп таралғасың.
Қалмасыма кім кепіл мен де асыл боп,
Өзің сынды асылдан жаралғасын.
***
Нұрын алып, сан көзді қарықтырған,
Кезім бар ма түнді де жарық қылған.
Бір досымның дегені бар емес пе,
“Жанып тұрған отсың-ау, жанып тұрған”.
Бір сыр айтсам, ей, досым, нанасың ба?
Тағдырдың жеңем айла-шарасында.
От болуым –
Мені анам туғандықтан
Шатырлаған жасынның арасында.





Пікір жазу