ЖЫЛДАР ҚАНАТЫНДА
(Дәрігер естелігі)
1
Сыйламайды бақытын көктем кімге,
Мен ырзамын әйтеуір өткен күнге.
Ойын бала – бала ғой,
Түсіне ме,
Құлағына азынап жеткен күйге.
Бала боп ем балауса жас ырғақты,
Табиғат та берерін жасырмапты.
Ат басындай жүрегім арғымақ боп
Тар кеудемді дала ғып тасырлатты.
Бәрі есімде,
Болып ем ерке тіптен,
Маңдайына кекілі келте біткен.
Жатушы еді бір күштің арқасында
Жүзеге асып арманым ерте күткен.
Онда әкем бар еді қолдайтұғын,
Көп нәрсені ойланып толғайтұғын.
Алыстағы ағайын шешем барса,
Сәлем-сауқат маған да жолдайтұғын.
Жүрді бәрі көтеріп төбесіне,
Сүйреп жаңа өмірдің белесіне.
Жұрт боп мені қорғайтын
Кез болар деп,
Ажал тартқан садақтың жебесіне.
Ашып тастап кеудемді жаңбырына,
Өстім содан шомылып таң нұрына.
Әкем онда басқарма – бастық еді,
Ара түскен колхоздың тағдырына.
Қыран құстай қомданып көк қанатын,
Туған елдің қамын жеп көп қағатын.
Шаруаның шырғалаң әлегімен
Кеңсесіне кісілер көп баратын.
Безді ме әлде қағынан құлан жырақ,
Жесір барған алдына жыламсырап.
Соқыр барған алдына бере гөр деп,
Қос көзіме қырағы қыран-шырақ.
Құлағанда құзынан терең селі,
Ата барған алдына өр еңселі...
Қайран әке!
Сол күнге көз жіберсем,
Ақ алмастың жүзінен көрем сені.
Бәріне де қараған құрметпенен,
Сұрастырып тірлігін тірнектеген.
Құрметпенен қараған жетімге де,
Сары аязда торғайдай дірдектеген.
Жетімдерге қол ұшын бергені шын,
Көп тер төкті өмірдің өркені үшін.
Қарт болса да, бәрібір жас болса да,
Жіберетін тындырып келген ісін.
Содан міне еңбектің ақ табанын,
Естіген ем көп жұрттың мақтағанын.
Қиянатшыл болмаған екен сабаз
Жүрсе де естіп өзгенің даттағанын.
Елемеді тұрмыстың тапшылығын,
Күтімге алып өсірді жас шыбығын.
Ел-жұртынан тегі де аямайтын
Келіп тұрған қолынан жақсылығын.
Бозбаланың құмартпай жиынына,
Өзін салған жұмыстың қиынына.
Тиым салып ұрлыққа...
Суық қолды
Тигізбепті колхоздың бұйымына.
Тілінен бал сөйлесе сорғалаған,
Жылан-безді құртыпты жорғалаған.
Айта берсек, әкемнің жері жоқ-тын
Қиындықтан өз басын қорғалаған.
Көкірегінен көк өзен гүрілдеген,
Кезі бар ма еді оның дірілдеген
Көзін жұмды, амал не, кезінде әкем
Шаруаның жақсарып дүрілдеген.
Жаралғандай бір өзі дара құздан,
Ажал деген қатыгез – қара мыстан
Алып кетті еңбектің ақ табанын,
Ақ табанын кетті алып арамыздан.
Жаңбыр жаспен кірпігін шылағандай,
Жел жүгірді ышқынып жылағандай,-
Ақ дауылдан кіші үйлер аман қалып,
Ауылдағы үлкен үй құлағандай.
‘Әкем өлді – ешкімге бас ұрмаған,
Сырын, жырын жұртынан жасырмаған.
Жанартаудай жойқынды жігіт еді,
Басынан сөз ғұмыры асырмаған.
Шоқ қалмады ошақта қоздамаған,
Жансын, сөнсін ешбір жан қозғамаған.
Азаматы арманда кеткен күні
Жан қалмады ауылда боздамаған.
Кімі қалды үйінде қаңыраған,
Жетім лақтай мен қалдым маңыраған.
Алма бетін қан жуып,
Қаралы боп
Анам қалды соңында аңыраған.
Кімдер жасап өмірде, кім өлмеген,
Биігіне қашанда күн өрлеген.
Сол күнгі үлкен қайғыдан, қасіреттен
Қалмады адам ауылда түнермеген.
Жазылмады жусанды жон керіліп,
Қанжығада кетердей өңгеріліп.
Киіз үйдің төрінде бір туысым,
Жатып алды төбедей төңкеріліп.
Сағым ғана алыстан бұлғақтады,
Бұлғақтады, көңілге мұң қаптады.
Жауар күндей түнерген әлгі ағайым
Ешбір жанға түс беріп, тіл қатпады.
Сау қояды сұм ажал кімді жықпай,
Жанарымда мөлдір жас тұнды шықтай.
Інісінің өлімін сылтауратып,
Жұмысқа да туысым жүрді шықпай.
Келген жұртқа бола ма тамақ аспай,
Қатып қалды туысым ақ ағаштай.
Жұрт көзіне түсуге көп тырысты
Жүрген осы кезінде қабақ ашпай.
Сол туысым сұм еді тәңірі атқан,
Тас жүйеңді сөйлесе балбыратқан.
Жұрт көрсін деп қаралы қалпымды осы
Атан даусын алысқа аңыратқан.
Жұрттың бұған шынымен сенгені ме?
Жалған іске алданып келгені ме?
Шын қайғырып жүр екен деп ойлады,
Бауырының тым қыршын өлгеніне.
Өткен-кеткен өмірден елес беріп,
Жалған сөйлеу, әрине, емес көрік.
Ақ арулап сүйегін жөнелтіпті
Ер еңбегін әкемнің ел ескеріп.
Содан бастап шықпады шаттық үнім,
Қара бұлт шұғылалы жапты күнін.
Тыным таппай тірлікте жүрген әкем
Көз жұмды да біржола тапты тыным.
2
– ..Қиындық көрсең,інім, жасыма тек,
Шығара берме өзгені басыңа көп.
Туысым осылай ден көлгірсіді
Бір күні менің мынау қасыма кеп.
Кім білсін білдірген жәй кеуілі ме?
Сыртымнан тілеулес боп өміріме.
Әйтеір оның осы қамқор сөзі
Нұр құйып кетті менің көңіліме.
Көңілім – таудың селді тасқынындай,
Бермейтін сияқты әлі тасты тыңдай.
Асыр сап аула ішінде көп жүгірдім
Уызға жаңа тойған жас құлындай.
– Айналдым тақылдаған таңдайыңнан,
Қорықпа қиындықтың қандайынан.
Деп бірде әлгі ағайым жік-жапар боп,
Ақырын сипап тұрды маңдайымнан.
Кетердей туып кенет күй табанда,
Жасардай біреу маған сый табанда,
Әкем кеп сипап тұрған сияқтанды
Туысым маңдайымнан сипағанда...
Мұң тұнып қос қарашық – көздерінде,
Жүрдің бе жасып, достар, өздерің де.
Ойлап ем көктем болып жетеді-ау деп,
Көңілсіз жүрген мынау кездерімде.
Құланым тұрақтамай қақтарында,
Сайрамай бұлбұл құсым бақтарында.
Жарқылдап жете ме деп ойлаған ем
Жалынсыз қалған мынау шақтарымда.
Даламның келген күліп көктемінде,
Сөнуге айналған шақ көкте күн де.
Ойлағам күш шығар деп жебер мені
Сүрініп абайсызда кеткенімде.
Күн өтіп жатты осылай күй ақтарып,
Көгінен туып айы қияқтанып.
Туысым барда осы жүретінмін
Сүрініп-жығылмайтын сияқтанып.
3
Жан анам момын еді тумысынан,
Бір күні жылап келді жұмысынан.
Тілдепті маған көңіл қоспадың деп,
Мұны естіп бездім мен де туысымнан.
Байқасам, тағдыр бізге от қимапты,
Бізге арнап нұрын аспан, көк кұймапты.
Туысым бірде анамды оңашада
Менімен көңіл қос деп көп қинапты.
Көнбеген, көнбегесін көп тілдепті,
Туысым әлгі менің секпіл бетті.
Інімді қолыма алам...
Ал, сен болсаң,
Жылаумен өмір бойы өткін депті.
Жан анам осыны айтып көп жылады,
Тірліктің енді оңбасын топшылады.
– Қолымнан сені гүлім,
Қайным емес,
Тек қана ажал атқан оқ жұлады,-
Деп мені отырды ерен еркелетіп,
Өзегін ыза-мұңмен өртеп өтіп.
Бір үйдің шаңырағын құлатпан деп,
Жұмыстан кеш келетін, ерте кетіп.
Жұлдызы жанған жандай ел көгінде,
Туысым күле келіп ертеңінде:
– Боласың өз қолымда, – деп шіренді –
Бермейді жатқа ұрпағын ер, тегінде!
Ал шешең төркініне кетем дейді
Өмірде сенсіз күліп өтем дейді.
Кетсе, әне, жолы болсын...
Бұл қылығын
Бірақ та біздің әулет көтермейді.
Мен бұған тіл қатпадым, үндемедім,
Әуелі сөйлеп тұрған кім демедім.
Ол мені балағаттап жатса-дағы
Жүзіне қарсы келіп тілдемедім.
– Тұлпардан қалған, бала, тұяқпысың?
Тартындың...
Бар ма еді әлде ұятты ісің?!
Дей келіп тиді менің намысыма:
– Әкеңе сен тартпаған сияқтысың.
Мен бұған,
бұған тегі шыдамадым,
Тістеніп тұрып алдым –
Жыламадым.
Басынан тасты көздеп жібердім-ай,
Ол мені атпен қақты –
Құламадым.
Жанардан қаштым сосын нұр құлатып,
Жол шаңын аспанға ата бұрқыратып.
Жантақтың арасына қуып тығып,
Сабады,
Сабады-ай кеп шырқыратып.
Тигендей бар тіршілік үлесіне,
Әкесін салайын деп бір есіне,
Ұрғаны туысымның ұқсап тұрды
Қызыл көз жандармның дүресіне.
Қамшысын сілтеді кеп керілгендей,
Көзіне бір жамандық көрінгендей.
Арқамды осып түсіп жатты қамшы
Тілінен оқ жыланның өрілгендей.
Созылып жаттым дала жондарындай,
Қайыспай қыстың қалың тоңдарындай.
Жотама түскен сызық,
Байқап тұрсам,
Даланың айқыш-ұйқыш жолдарындай.
Туысым арлан-иттей ырылдаған,
Қамшымен жотамды көп жырымдаған.
Тағы да тап берген ед,
Анам жетті
Даланың торғайындай шырылдаған.
– ...Ей, найсап, жетер енді өлтірмесең,
Бәрібір шайқалмайды мөлдір кесем.
Балама не істедің?!
Соның бәрін
Алдыңа, ит болайын, келтірмесем!
Деді де ала түсті жағасынан,
Ұстанған қолын жазбай ағашынан.
Туысым сұмдық сасып тайсақтады
Қос көзі шығып кетті шарасынан.
Көктемде көк өзендей тасыған көп,
Ұмтылды алға қарай жасыған топ.
Туысым кете барды бұрылмастан,
Әйелдің соққысынан басы қан боп.
Ол кетті жасыра алмай күйінішін,
Жұрт тұрды жасыра алмай сүйінішін.
Анамның жанарынан жас ыршыды
Тағдырдың жеңгендей боп қиын ісін.
Біз үшін ел ішінде таң атпады,
Күн ұзақ анам байғұс далақтады.
Бір күні басыңды анау жұтамын деп,
Туысым аш бөрідей жалақтады.
Анамды кімдер менің жылатпады,
Көзінен жасын қашан шұбатпады.
Бұзауды мүйіздеген ала өгіздей
Туысым мені де елде шыдатпады.
Өкініп кім қарайды өткеніне,
Жетсе егер өмірінің көктеміне.
Шыдамай қыспағына туысымның
Қуандым көрші ауылға кеткеніме.
Өмірім туысыммен шабыстырған,
Ал мұнда көп достармен қауыштырған.
Анам да көп ұзамай келді көшіп,
Аққудай айдын көлін ауыстырған.
Жері жоқ бізді бірақ алалаған,
Күнде бір жақсылығын балалаған.
Жетіліп келе жаттық сол ауылда
Торғайдай бір бұтаны паналаған.
Күн өтіп жатты осылай күй ақтарып,
Көгінен туып айы қияқтанып.
Достарым барда осы,
Жүрдім солай
Сүрініп-жығылмайтын сияқтанып.
4
Оқуға келдім сосын астанаға,
Құшағын жайды ол да жас балаға.
Мұнда тек бар білерім оқу болды,
Онша көп жүгірмедім асханаға.
Қиындық жас болған соң кешесің де,
Кейде жанып, кейде сен өшесің де.
Қыз қуып, қызық қуып жүрмедім тек
Алматы – астананың көшесінде.
Көрінбей жыра-жықпыл аңғарынан,
Өмірдің көз тастадым заңғарынан.
Тау кезген геологтай керегімді
Іздедім кітапхана залдарынан.
Жүрген соң озаттардың санатында,
Маздадым сөнбей нұрлы қала отында.
Дауыл боп дабыл қақтым, жауындаттым
Жылдардың қағып өткен қанатында.
Сөйлесем артта қалған елестерден,
Асқанмын талай асу, дөңестерден.
Мен жаңа арманыма қол созғанмын
Әр жыл сайын жаңа бір белестерден.
Өмірдің жаралғам жоқ күйігінен,
Жарысып өстім дала киігімен.
Көрінгем жарқылдаған жай оты боп
Осынау биіктердің биігінен.
Өзім де аулақ кетем тор маңынан,
Тек жаным арылмасын ардағынан.
Жасымнан арыла алмай келем әлі
Қат-қабат армандардың орманынан.
Жүзімнен тұрса-дағы желім өппей,
Асудан жүрмін бірақ тегін өтпей.
Арманым өмір егу еді менің
Ажалдай жер-жаһанға өлім екпей.
Осы еді менің арман, аңсағаным,
Тек қана айтылмасын жаңсақ әнім.
Арманым орындалып жатты әйтеуір
Білінбей менің кейде шаршағаным.
Кім кепіл өмір болып тұрмасыма,
Шықсам да туған жердің қырқасына.
Алты жыл асыққандай өте шықты
Асылын үйе салып бір басыма.
Мен бе екем үзім нанға дәнігер көп,
Ауылға оралып ем дәрігер боп, –
Алыстан қадірлісі оралғандай
Ауылым қалды сұмдық әбігер боп.
Сапарда алданыш күн, жұбаныш таң
Жол жүріп келем әлі туу алыстан.
Мен бейне осы ауылдың бақытындай
Тұрды ауыл жарылардай қуаныштан.
5
Ауылым қуанышын жамыратқан,
Бұл күні мен де әнімді аңыратқам.
Отыр ем бірге шырқап қыз-жігітпен
Бал түнді балаусадай балбыратқан.
Кеп жетті суық хабар сумаңдаған,
Басылып қалды жылпос жылмаңдаған.
Бізге де келіп жетті суық хабар
Жыланның тіліндей боп сумаңдаған.
Сол болды өзегімде жанған аптап,
Мені өмір қашан осы алған ақтап.
Өлгелі жатыр біреу дегенді естіп
Жүгіре жөнеліп ем қаңғалақтап.
Жел сөзді алдымды орап шалып ескен,
Жасымнан жігіт едім танып өскен.
Жүгіріп келсем мен де...
Әлгі кісі
Төсекте жатыр екен танып естен.
Жаманды қашан өмір даралаған,
Осы ойды мен де талай саралағам.
Таныдым туысымды...
Улы сөзбен
Бір кезде жүрегімді жаралаған.
Бейне бір сол болғандай қалағаны,
Бар еді иттей мені талағаны.
Осы сәт түсті есіме туысымның
Атпенен қуып талай сабағаны.
Көзімнен қорғасын жас тамшылады,
Қорлыққа қашан арлы жан шыдады.
Толғандай запыранға кеудем менің
Жүрегім сонда мынау қанжылады.
Көз алдым кетті сонда қарауытып,
Тұрғандай жаным жанған алау күтіп.
Соры бір арылмаған маңдайыма
Өмірі көрмегендей жалау бітіп.
Көз алдым кетті кенет қарауытып.
Жүргем жоқ қатарымнан жиі қалып,
Ойландым есімді тез жиып алып.
Туысым ыңырсыған сайын осы
Жанымның тұратындай иі қанып.
Алқынып дәумен жалғыз алысқандай,
Сол келіп жерге мұны жанышқандай.
Ол жатты ыңыранып төсегінде
Жамбасы сынған кәрі арыстандай.
Болмады ешкім одан хал сұраған,
Сорлы жан жатты солай қалжыраған.
Не керек, жаным ашып қатты аядым
Ағайдың түрін көріп қансыраған.
Жатқандай жан жолдасы жыра құшып,
Көз жасын сорғалаған бір-ақ ішіп.
– Емдеп жаз, тәуір жігіт,-деп әйелі
Алдымда жүгіріп жүр құрақ ұшып.
Туысым жатыр сұлық қырылдаған,
Сақал, мұрты өсіпті – қырынбаған.
Бір шетте тұр егіліп баласы да
Табанын тастақ-құмға жырымдаған.
Жылайды, іштен тынып егіледі,
Көз жасы ақ жауындай төгіледі.
Сол бала оқтын-оқтын күрсінгенде
Көбесі көңілімнің сөгіледі.
Жылайды, іштен тынып егіледі,
Көз жасы ақ жауындай төгіледі.
Ол кейде іштей мықты қайрат тауып,
Жаман торы мінгендей тебінеді.
Шымырлап кетті сонда бір кез денем,
Үй ішін шолып тұр ем нұр көзбенен.
“Сырқатты емдеп жазу борышым” деп,
Ойымды кесіп айттым бір сөзбенен.
6
Ажал оғы тіміскіп жиі ұшқанда,
Сонда да адам бір-бірін қиысқан ба?
Бір ағайым алдымда жатыр, міне,
Мені талай сүйреткен құйысқанда.
Жатыр, міне, аса алмай құз төріне,
Шөп өспей жүріп өткен іздеріне.
Қинала ма, кім білсін, оғаштықпен
Сан істеген өзінің істеріне.
Қиналады,
Кейде ауыр күрсінеді,
Күрсінеді –
өз қолын кірсінеді.
Тумысында жақсылық қайтпапты одан
Қайтіп оның тәніне нұр сіңеді.
Қиын кезде мен өскем талқан татып,
Су түбіне жүргем жоқ жалған батып.
Жазылмайды...
Ол салған бір жарам бар
Көкіректе шер болып қалған қатып.
Соғымына семіртіп қара шалған,
Осы ағаймен кезім жоқ жараса алған.
Осы туыс бір кеште сабап мені,
Сабап менің жаныма жара салған.
Сол ісіне енді кеп күйінеді,
Қалың қабақ кей сәтте түйіледі.
Жүруші ем оны қайтып көрмеспін деп,
Көріп тұрмын...
Өмір неткен қиын еді!
Қатал тағдыр бір сәтте жүз түнеріп.
Үлгергендей өрнегін үздік өріп.
Қос самайын ақ қырау шырмап апты,
Ойланамын жүзінен күзді көріп.
Ол солай жатып, міне, түн азады,
Түн азады ойлаудан, күн азады.
Мен жазармын осының бір жарасын,
Ал мендегі жараны кім жазады?!
***
Тасты әкеліп жігіт ем тасқа ұрмаған,
Өсек-ғайбат жолдарға бас бұрмаған.
Тірі жанға түйірдей залал түгіл,
Қасқырға да пенде екем қас қылмаған.
Жалғыз кінәм –
Жүрек боп елжіреген,
Көлге үнсіз телмірдім мөлдіреген.
Көп қарадым орман боп ормандарға,
Қарағайы қырқылып селдіреген.
Жалғыз кінәм –
Арна алып бастаулардан,
Арманымды іздедім жас таулардан.
Кеуделерден бұлақ боп сыңсып ақтым,
Ақтарылып айдын көл – астаулардан.
Алғаш биік асудан асқанымда,
Заңғар таудың секіріп асқарында,-
Жүрсем дедім жарқылдап найзағайдай,
Туған елдің көгілдір аспанында.
Бәрі жақсы!
Көктен нұр жаусын қандай,
Арман мені бір жолға қаусырғандай.
Жалғыз кінәм!
Жыр жазам.
Ал жазбасам
Көрінеді қызығым таусылғандай.
Барамын-ау қатерге жасқанбай көп,
Жығылармын бір күні аспандай кеп.
Жүрем бірақ жаңа жыр жазған сайын,
Жаңа әлемнің есігін ашқандай боп.
***
Ей, Қаратау, армысың пайғамбарым,
Қасы алдыма дала боп жайған барын.
Мына сенің дарыпты жүрегіңнен
Бітті десем кеудеме қайдан дарын,
Қайран менің пайғамбарым!
Өкпе тұстан бораған құйын, дауыл
Тілейтіндей жолымның қиындауын.
Жүрсем де осы сыйынбай құдайларға,
Саған менің мүмкін бе сыйынбауым,
Түлетіп ең...
Мен жалпы баққа иемін,
Жетегінде кеткем жоқ жат күйенің.
Бұрғы тиген жеріңнен
Ей, Қаратау!
Жарылады қарыны ақ түйенің.
Ей, Қаратау, мезгілдің күйі жетіп,
Туды сені табиғат биік етіп.
Кетеді екен рельстер дүрсілімен
Жүрегіңнің дүрсілін жиілетіп.
Сәлем берем өзіңе күн ара кеп,
Өз отыңнан маздадым нұр ала көп.
Сым бойымен шыңдарың жүгіреді
Аспан жолын сүйреген мұнара боп.
Осы күні бөктерің тұрақ толық,
Жұртың сенен жатқан жоқ жырақ қонып.
Көкірегіңнен ұшқан от жүгіреді
Көшелердің бойымен шырақ болып.
Тыңда мені!
Бір сәтке тоқтай қалып,
Арман-құсың шырқап жүр көкті айналып.
Каналдардың бойымен жүгіреді
Шойындарың қып-қызыл шоқтай жанып.
Түнде ғана от денең салқындайды,
Составтарың ентігіп, алқынбайды.
Шар тарапқа тараған жарылыстар
Даусың болып эфирден саңқылдайды.
Жан азабын тұл болып жүрсің шекпей,
Шойын жолды өтпейсің дүрсілдетпей.
Қазынаңды қаншама жатсам да алып,
Ей, Қаратау, тағандап тұрсың шөкпей.
***
Болмады бұрын кезің жайраңдаған,
Болмады кезің көкте сайрандаған.
Жауларың саған нені көрсетпеді,
Төсіңде тайлақ құсап тайраңдаған.
Жұлдызың жүрді талай жанбай қалып,
Самғаудан өзің сынды танбайды алып.
Төсіңді жауың таптап жатқан кезде
Ақ ордаң қирап жатты шаңға айналып.
Батырсың ажал жетпей ерте өлмеген,
Жусан да күні жетпей ерте өнбеген.
Қай жақтың жері өртеніп жатса-дағы
Болмады, Далам, кезің өртенбеген.
Түбінде не боларын ойланбаған,
Жауларың төбеңді сан ойрандаған.
Шайқаста жеңілсең де, жеңсең де ылғи
Болмады кезің және тойланбаған
Бусанып жатқаныңда түлеп, өніп,
Жауларың шапты талай күле келіп.
Тауларың Ару-Далам,
Батырлардай
Оқыстан кеткен сонда түрегеліп.
***
Қасымдасың сен менің, жанымдасың
Жанар отың жарқылдап жалындасын.
Алпыс екі тамырда тулап аққан
Қызыл күрең киелі қанымдасың.
Тас қамал боп өзіңе қаланыппын,
Белгілі ғой өзгеге алынбасым.
Бала жүрек балауса шағымдасың.
Шаң жұтпаған көк жасыл шабындасың.
Жаратпаған жалғанның жапалағын
Бұлбұл құсым сайраған бағымдасың.
Белгілі енді өзгенің отауына
Шалықтаған шырақ боп жағылмасым.
Өзге жүрек өзіңді сағынбасын,
Өзіңді іздеп сарылып сабылмасын.
Көлгіруді сүймейді жаным менің,
Жаның сенің жалғанға жағынбасын.
Тас төбеме жай оты түсті екен деп,
Білесің ғой таулардың шағылмасын.
Жоқ құдайды әп-сәтте жасап та алған,
Жаным шаңқан шабытпен жасақталған.
Шатырлаған аспанның жасыны едім,
Сол жасынға өзіңсің қосақталған.
Жанарыңнан нұр шашып тұра берші
Алтын кірпік секілді масақталған.
Туырлығын, түндігін жете түрген,
Күнім сөнбес жүректің оты өрілген.
Тек өзіңнен тілерім
Сеніміме
Сыпсың сөздер болмасын төте кірген.
Сонда біздің шаңырақ шайқалмайды,
Үлкен үйдің жанынан көтерілген.