14.03.2022
  174


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӘКЕ

Шындығы көп білгенге қиялымның,
Ағытылған арнасы күй-ағынмын.
Табанында сан тағдыр ұшырасқан
Әке, өзіңнен қалған мен тұяғыңмын.
Ашулы әке!
Керемет батыл ең сен,
Күрең төбе болған ба батыр еңсең.
Атқан адам өзіңді, дәл қасыңда
Ұлы жердің қойнында жатыр, сенсең.
Жүргеніңде жауыңа жиі аттанып,
Жығылдың-ау қолыңа қияқты алып.
Қайран әке, тұрғандай тас қабірің
Бір қыранның тұғыры сияқтанып.
Қайран әке, өмірде төріңіз көп,
Мені айтады достарың көзіңіз деп.
Түнде есікті ілместен жатып жүрдік
Қамыққаннан қос жүрек өзіңді іздеп.
Кеттің бірақ сен жауып жылы есікті,
Қарсы алдыңнан азалы жыр есіпті.
Кей адамның ізіне шықпаса шөп,
Қабіріңнің түбіне гүл өсіпті.
Айтсам батыл ойымның басқа бірін,
Көргім келмес жауыңның қасқа түрін.
Кейбір тірі адамның сау басынан
Артық сенің қашанда тас қабірің.
 Өзіңді іздеп шарқ ұрса шіркін кеуіл,
Мүмкін емес сенің де күрсінбеуің.
Естімек боп қабірге құлақ тосам,
Мені іздеген жүректің дүрсілдеуін.
Қайран әке, жаның жаз, көзің көктем,
Шыдау үшін бәріне төзім жеткен.
Жүрек сені табады...
Бір күндері
Мен де барам ізіңмен өзің кеткен.
***
Шарықтай шырқап
Шыңдардан шынар нәр алған,
Тіршілік мынау қан тамырлар ма таралған.
Өзіммен бірге өмірге біреу ап келмей,
Жалғыз боп неге,
Жалғыз боп неге жаралғам.
Азалы үндер құлаққа жүйткіп жеткенде,
Бір тамшы тамбай тұр еді бедеу –
көктен де.
Отанды қорғау шебінде жүріп қайтты
әкем,
Сұрапыл соғыс орманды жайпап өткенде.
Сонан ба менің көп дақтар қалды жүзімде,
Жүгіріп өткен өспеді гүлдер ізімде.
Әкемді іздеп жолға анам шығып...
кетті ұзап,
Сол жылдың әлгі қаралы суық күзінде.
 Мен де сол жерге темірдей балқып бір
сіңем,
Бойымда бірақ адалдық деген жүрсін ем.
Ананы көрсем аймалап жатқан баласын,
Анасыз өткен күнімді ойлап күрсінем.
Жетпей ме сонау көктегі алыс Айға ұран,
Атасыз қайдан жаралды осы қай қыран.
Әкені көрсем жетектеп алған баласын,
Әкесіз өткен күнімді ойлап қайғырам.
Түсімде анам оралып алыс елдерден,
Жүреді ылғи су алып мөлдір көлдерден.
Аймалап жүрген баласын Ару – аналар,
Өтердей алып шөлдетпей сансыз
шөлдерден.
Келсе егер әкем өшкен от қайта жанардай,
Алпамса мені көтеріп жерден алардай.
Баласын қолдан жетектеп алған әкелер,
Баласын түзу жолдарға әкеп салардай..
Болмаса аспан...
Көктегі күн де сөнердей,
Бұлақсыз мынау жер гүлдеп қашан
көгерді-ей.
Шөлдедім деуге....
осынау жұрттан
қаймықтым,
Анасыз өскен арсыз деп мені сөгердей.
Жүгірдім алға зулаған жүйрік күндердей,
Кезім де болды түнерген қара түндердей.
 Адастым деуге осынау жұрттан қорықтым,
Әкесіз өскен аңғал деп тағы тілдердей.
Көсіле шапқан озады екен түбінде,
Еңкейем неге түп-түзу өскен тігімде.
Жетесіз жетім болып ем бала кезімде,
Жетілген жетім атанып жүрмін бүгінде.
***
Айтқанынан танбаған, бұлтармаған,
Көрегендей алдағы күн барлағам.
Қызыл гүлдер бар әлі жер бетінде
Көктемде де көгеріп гүл жармаған.
Шалғын шашын кей сәтте жел өрмеген,
Байтақ дала сонда да көнермеген.
Қу теректер бар әлі жер бетінде
Көктемде де бүр жарып көгермеген.
Өрісінен жырақтап, шеттемеген
Есті-тұяқ маңайлап беттемеген.
Ақ татырлар бар әлі жер бетінде
Көктемде де көк шашып көктемеген.
Аман шығып сан өрттің арасынан,
Асып-тасып төгілген щарасынан,
Жаралылар бар әлі жер бетінде
Жазылмаған әлі де жарасынан.
Көкірегінен көк өзен дауыстаған,
Алатауым менің де алыстаған.
Жетім-жесір бар әлі жер бетінде
Әкесімен, жарымен қауышпаған.
 Кім бар мұны өзінше байыптаған,
Мен де талай соғысты айыптағам.
Содан дүние тұр міне адам құсап
Сырқатынан әлі де айықпаған.





Пікір жазу