14.03.2022
  183


Автор: Рафаэль Ниязбек

БАС КИІМ

Жердегі анау көргенде бас киімді,
Әлденеге қабағым тас түйілді.
Әлде нәрсе есіме түсіп менің,
Жанарыма қорғасын жас құйылды.
Туған жанмын десем де көктем құшып,
Көз жасымды жүрмін-ау көптен ішіп.
...Бас киімі болар ма бір боздақтың
Жауға атылған кезінде кеткен ұшып.
Батылдықтың өзі артық жоқ жарақтан,
Жүректерге алаулы от таратқан.
Ағайымның болар ма бас киімі
Осы тұстан ол жауға оқ боратқан.
Бұл жайында айтпады күліп күнім,
Сыр шертпеді жұлдыздар түріп түнін.
Жерде жатыр бас киім...
Бірақ оның
Кімнен, қашан қалғанын біліпті кім.
Біле алмадым қабағым тас түйілді,
Біле алмадым...
Көзіме жас құйылды.
Жігіт басын жоғары ұстаған деп
Ақ қайыңға ілдім мен бас киімді.
Боздақ өлсе боламын несіне шат,
Алысқа ұзап арманым көсіле шап.
Бұл бас киім Белгісіз солдаттарды
Тірілердің тұрғандай есіне сап.





Пікір жазу