14.03.2022
  126


Автор: Рафаэль Ниязбек

АҒАЖАН

Қасым Аманжоловқа
І
Кеттің бе, аға, тым ұзап,
Жерім жоқ жүрген көз тікпей.
Іздеймін сені күн ұзақ
Сонда да қойдың кезікпей.
Қойсаңшы осы бұйрықты,
Жүрдің де ойнап пернеде,
Жоғалдың мініп жүйрікті
Байлаулы тұрған кермеде.
Жалғасқан жонды үйіріп,
Суарып термен түз гүлін,-
Ағажан, әлде сол жүйрік
Кетті ме бермей тізгінін.
Көкжиек күліп жақындар
Қуат ап кемел елінен,-
Жалында туған ақындар
Түспеген аттың белінен.
Солардай сен де түспедің
Ат жалын тартып мінгеннен.
Жарқылдап ақтың...
 Құс дедім
Өзіңді жақсы білгеннен.
Күндерде нөсер, жауынды
Қиянға тарттың төтелеп.
Оралдан соққан дауылды
Майданға кірдің жетелеп.
Қиынды кездің кесе өрлеп,
Жеңістің желі есердей.
Құйылдың көктен нөсерлеп
Төбесін жаудың тесердей.
Жанарың сұмдық жайнаған
Жұлдызды түннің көгіндей.
Атылдың тағы қайнаған
Әлемнің ашу-кегіндей.
Тұрғанда қалмай оралып
Тізіліп ұшқан оқтарға,-
Атылдың жауға оранып
Шатырлап жанған оттарға.
Сайратты құсын бауларың
Арада біраз күн өтпей.
Ақыры қашты жауларың
Сәуледен безген түнектей.
Өзіңмен бірге таулар да
Боратып оғын атқандай.
Жоқ болып жатты жаулар да
Жалының жалмап жатқандай.
 ІІ
Нұрлысың, аға, айдан да
Оралдың көзге тым ыстық,-
Боранын беріп майданға
Келіп ең алып Тыныштық.
Жаралдың, айтшы, қай таңнан?
Бәріне төзіп көніп ең.
Сұрапыл соғыс, майданнан
Ақсаңдай басып келіп ең.
Тым ерте түскен амалдай
Көктейді сенсіз қыр қайдан.
Кезіккен тағы қамалдай
Алдыңнан тосты жыр-майдан.
Кірісіп кеттің сайран сап
Аптығың тегі бастықпай.
Келер ме сол бір қайран шақ
Оралған қайта жастықтай.
Тұлданып соққан құйындай
Кезде де сонау дүрбелең,-
Қоңыраулы күрең құлындай
Соңыңнан қалмай жүрді өлең.
Қырларда кезген ақ сағым
Аққанда қолға ілінбей,
Ағажан, сенің ақсағың
Өлеңде кетті білінбей.
Ақ айдын сондай кемерлі ең
Ақын боп туған от-таңдай
 Өзіңді туған өнерлі ел
Өлеңнен сені соққандай.
Даусыңнан мылқау тас түлеп
Қызыққа кемел батқандай.
Кейінгі талант – жас түлек
Өзіңнен өрбіп жатқандай.
ІІІ
Тілімді неге күрмейін
Жырларым – жалын жасыным.
Ағажан, мен боп жүрмейін
Келер деп кеткен Қасымың.
Бұлқынған бұлақ – сырыңды
Жаңғырта айтып құздарға.
Көшіріп сенің жырыңды
Жолдаушы ем ару қыздарға.
Олар да маған жолдайтын
Сен жазған жырды көшіріп.
Өзің боп бізді қолдайтын
Мұны да жүрдің кешіріп...
Өмірге құштар жандары
Көрмеген әсте қиналып.
Ауылдың барлық шалдары
Отырған кезде жиналып.
Көңілге бір сыр тоқыдым
Өзіме - өзім қырын кеп.
Сен жазған жырды оқыдым
Өзімнің жазған жырым деп.
 Оқыдым сосын күркіреп
Арқырап аққан өзендей.
Жұрт отыр алда дүркіреп
Арна ақтарған кезеңдей.
Ер жігіт асу асқанда
Қалған ба тегі еленбей,
Тербеліп тұрдым аспанда
Ауаға сіңген өлеңдей.
Құдіреті-ай шіркін сезімнің,
Қулығыма отыр ел сеніп.
Дүние түгел көзімнің
Алдында тұрды теңселіп.
Тоқтадым содан бір кезде
Терлеген сүртіп маңдайды.
Жарқылдап кетті нұр көзде
Қаққанда шалдар таңдайды.
“Қарашы, кетпей ұшқары
Бала екен өзі болғандай.
Қасымның шабыт – құстары
Ауысып бұған қонғандай.
Бақытын тапқан даладан
Біздерді кімдер басынды.
Айналдым осы баладан
Тірілткен қайта Қасымды.”
Осылай шалдар дуылдап
Дүрлігіп біраз кеткен-ді.
Шежіре сөздер туындап
Қарсы алып жаңа көктемді.
 Серпілтіп сері сезімді
Жалындап жазып өтты өлең,-
Ағажан, содан өзіңді
Жоқтатпай өтсем деп келем.





Пікір жазу