13.03.2022
  174


Автор: Абдрахман Асылбек

Жазушылар одағына

Жазушылар одағын
Жанашыр деп ұқпаймын.
Өйткені, мен олардың
Ойларынан шықпаймын.
Төрағасын хан тұтып,
Басымды ию керек қой.
Өзімді осал жан тұтып,
Жөн секілді өбектеу.
Өйткені, олар бұйрықты,
Өйткені, олар өкімді.
Атақ пенен сыйлықты
Таратушы секілді.
Таратқанда, тектен-тек
Үлестіре салмайды:
Таразылап көптен-көп,
«Тәртібіңді» аңдайды.
Бірін әке-көке деп,
Құрақ ұшу керек қой.
Сонда сені жетелеп,
Жасап берер ерек той.
Талантың мен талғамың
Керек емес оларға.
Сыйлығына Алланың
Шек келтіру болар ма?
Айтар болсам даралап,
Бар өзімдік дарыным.
Халық оны бағалап,
Уақыт шешер анығын.
Сондықтан да, Одаққа
Тірлігімде өкпем жоқ.
Қоспаса да санаққа,
Мен жоғалып кеткем жоқ.
Өкіну жоқ үнімде,
Тағдырыма көнермін.
Күндердің бір күнінде
Қайта көктеп, өнермін.
Жазушылар одағы
Талант үшін тәнті емес.
Ол да бір күн солады,
Мызғымайтын мәңгі емес.





Пікір жазу