13.03.2022
  471


Автор: Абдрахман Асылбек

Ақ бата

Иә, Алла, бере гөр,
Береке, байлық төге гөр.
О, халайық, көре бер,
Бергенін Алла алмасын,
Өсіре берсін мал басын,
Көбейте берсін жан басын,
Досыңның көңлі қалмасын,
Қиялың көкке самғасын.
Егінің еккен солмасын,
Арам шөбі болмасын.
Атамекен ордасын
Бір Құдайым қорғасын.
Жалпақ жатқан жайлауға
Жат жұрт келіп қонбасын.
Тыныштық болып заманың,
Бейбіт күн берік орнасын.
Тіккен туы қазақтың
Көкке сәлем жолдасын.
Қапаланып кәрия,
Қалың ойға шомбасын.
Бесіктегі сәбидің
Бақайшығы тоңбасын.
Маужырап тұрған дүние
Апыр-топыр болмасын.
Жау жағадан алмасын,
Бөрі етектен шалмасын.
Топ бастаған азамат,
Өрге тартсын арбасын.
Ынтымақты кім бұзса,
Халық оны қарғасын.
Жаңбыр жауып тамшыдан,
Дария толсын қаңсыған.
Аман болып ел басы,
Асығы түссін алшыдан.
Құт береке кетпесін
Диқан менен малшыдан.
Бақыт ашып қақпасын,
Оны қайта жаппасын.
Пәле-жала қазақты
Іздесе де таппасын.
Алладан болып рахмат,
Пайғамбардан шапағат,
Тірлігіне тамаша
Риза болсын жамағат,
Аллаһу акбар!





Пікір жазу