13.03.2022
  152


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТОЙЫҢА КЕЛ, ЖӘКЕ, ТОЙЫҢА КЕЛ!


Сен туғанда даусынан от өріліп,
Аспанымды дегендей кетер іліп.
Осы күнгі Алатау тұра қапты
Бір төбенің астынан көтеріліп.
Аулақ салып іргесін жырақ құйын,
Сен туғанда бастапты бұлақ биін.
Өзің едің далаға сыйға тартқан
Домбыраның келтіріп құлақ күйін.
Қалың топты озып ең талай жарып,
Самайыңды ақ күміс – арай шалып.
Сонда туып өстік қой мына біздер
Жырдан биік кетіп ең сарай салып.
Тәңірді де тәлкек қып дірілдеткен,
Күнің қайта оралды дүрілдеткен.
Тойың өтіп жатыр ғой, Жәке, бүгін
Аспан асты, жер үсті дүбірлеткен.
 Алма беті алаулап албыраған,
Тұлымшағы басында жалбыраған,
Сәбилер де өзіңді күтіп отыр
Балғын түнде балауса балбыраған.
Көгіңнен Ай туғанда қияқтанып,
Жүруші едің алысқа жиі аттанып.
Қызу – жиын тойларда отырушы ең,
Таулардың жиынтығы сияқтанып.
Тұлпар тұяқ тепсініп тасырласын,
Топырақтар бұршақтай сатырласын.
Келші, Жәке, тойыңа тағы да бір,
Көк аспанда найзағай шатырласын.
Тойыңа кел!
Жалғанды шөкелетем,
Сен келер деп қамданғам өте бекем.
Алатауды астыңа мінгізем де,
Қаратауды бұйдалап жетелетем.
Маған да осы қалыпты ерік тиіп,
Көңілге сыр келемін берік түйіп.
Тойыңа кел!
Орманнан ішік киіп,
Зерлі аспаннан қайтасың бөрік киіп.
Өзің қонған жайлауды жайлап келем,
Тойыңа кел...
Кең далаң жайнапты ерен.
Жетісудың жүгірген бір өзенін
Белбеу етіп беліңе байлап берем.
 Омырауыңнан ақжарма күй ақтарып,
Туыпты Айың көгіңнен қияқтанып.
Бүгін тағы тойыңда отыршы сен
Таулардың жиынтығы сияқтанып.





Пікір жазу