13.03.2022
  236


Автор: Рафаэль Ниязбек

АТА ТІЛЕГІ

Нұрғиса Тілендиевке
Ата бура сықылды өрге шөккен,
Жеткен шал ем сүйретіп төрге шекпен.
Сұңқардан сұңқар қалса жараспай ма,
Бір дәнім ең сен менің жерге сепкен.
Жұрттан бөлек жырылып жырақтаған,
Құйын болмай қиыршық қыр ақтаған.
Жақсылықтың мекен-жай қонысы бол
Ірге теуіп орнығып тұрақтаған.
Домбыраның айналып пернесіне,
Күй боп баршы еліңнің көрмесіне.
 Бұл даланың ұлы бол,
Тұлпар емес –
Ән байлаған көк жібек кермесіне.
Туған жердің ойнаған желдерімен,
Құла түзді көгерткен селдерімен,
Бұл даланың қоғалы көлі болғын,
Дала сұлу болса егер көлдерімен.
Бұлттан асқан құздары от күреген,
Әрбір күні – тулаған өткір өлең.
Дала батыр болса егер тауларымен,
Тауы болғын даланың көк тіреген.
Көкірегіңді дала ғып түн түнеген,
Көктемінде жарқырап күн түлеген.
Ел-жұртыңның нөсерлі аспаны бол
Омырауын найзағай тілгілеген.
***
Біздің үйге келсеңші күнде күліп,
Жатады ылғи жүрегім түнде егіліп.
Нұқып қалсам, Нұр-аға, кететіндей
Саусақ тиген жеріңнен үн төгіліп.
Туған жердің тұрғанда кеші жанып,
Аға, бізді жүргейсің есіңе алып.
Билеп жерде жатады тастаса егер,
Бір кесек ет денеңнен кесіп алып.
Қалады өзге сөйлесең тіл байланып,
Отырады төрге де кім жайланып.
Домбыраны қолға алсаң құйын-аға,
Кетесің-ау өрт тілді күйге айналып.
 Терең теңіз секілді кеме батқан,
Көктемсің-ау қырымда шешек атқан.
Жалт қарасам ғажайып әуенді естіп,
Сен екен деп қаламын келе жатқан.
Ұшпайтұғын көгіне қыран жасып,
Алдыңызда жатады ұлан жазық.
Өткенде ылғи тұсымнан көрінесің,
Бара жатқан секілді бір ән жазып.
***
Қоңыр кештің шырағын жаға беріп,
Жіберетін төсінен самал өріп.
Мына байтақ қазақтың даласы да
Жүріп келе жатқандай саған еріп.
Алмайын деп ақ арман – қырдан жығып,
Қуаныштан көз жасын тұрған сығып.
Аттан сені түсіріп жатқандай-ақ
Заңғар таулар алдыңнан тұрған шығып.
Тастайтындай түндігін кезең түріп,
Аспан астын барасың безендіріп.
Ән боп қайта тамылжып құйылады
Көкірегіңе нар толғау өзен кіріп.
Шырқап айтып жүректің ариясын,
Сілкіндіріп сезімнің бар ұясын,
Шындықтардай өсектің бетін тілген
Әннің кешіп келесің дариясын.
Өзіммен бірге сері селді ала кеп,
Шалғайыңа жармассам мен бала боп.
 Тұла бойын ән кернеп, ән жайлаған
Көрінесің көзіме кең дала боп.
***
Жаман боп жүрсең айтады жұртың күйік
деп,
Көк аспан-сынды жіберші тағы құйып кеп.
Болмасаң өзің,
Әкеден қалған шаңырақ
Тұрмас еді биіктеп.
Тазарып қалың көгілдір тұман – мұнардан,
Бір бұтақ едің бүр жарып өскен шынардан.
Болмасаң өзің,
Толықсып жүрген бір сұлу
Қанбас еді құмардан.
Өмірі ылғи тұратын өжет термеден,
Батыл боп сонша жаралды дейсің ер неден.
Болмасаң өзің,
Жел жетпес сыпа бір жүйрік
Ақпас еді кермеден.
Толқын боп ойнап жататын асау ағында,
Желдер де күшті долданып соққан
шағында.
Болмасаң өзің,
Көк аспан дауыс бір бұлбұл
Сайрамас еді бағында.
Қарсы алдыңда қалғандай қалың қол
тұрып,
Ұйқыңды талай шабытпен шауып өлтіріп.
Өмірдің олқы,
 Өмірдің солпы жерлерін
Келесің әнмен толтырып.
Думан боп жеттің жүр ме деп жұртым
тойсырап,
Келмедің бірақ өзгеден қайыр – ой сұрап.
Болмасаң өзің,
Тойымсыз мынау дүние
Жатар еді ойсырап.





Пікір жазу