13.03.2022
  427


Автор: Рафаэль Ниязбек

САЙЫС

Жүзінен жеңімпаздың өпсін гүлі,
Қазақтың шын сайыспен өтсін күні...
Ортаға шықты екеу тас түйін боп,
Қадай сап қара жерге көк сүңгіні.
Екеуі ат үстінде күш қылып тек,
Жүрмеді, тартқыласты ышқынып кеп.
Бұларға айқайласып дем берісті,
Қырдағы жанкүйерлер ысқырып көп.
Шіркін-ай, жаяу болса ол бір басқа,
Сонда да жауыр етін қондыр тасқа.
 Жанары қанға толып, от шашады,
Бір-бірін жүр ғой олар оңдырмасқа.
Бұларды қалған сонау өжет күннен,
Жанкүйер ақын болып сөз еттім мен.
Осында жыққанының бағы артады,
Тоқтатып жығылғанын тежеп күлмен.
Желкеден қалды анау бұға тартып,
Айласын қолданбады бұ да жартып.
Ақыры кескен терек сияқтанып,
Иегін бір тұмсыққа құлады артып.
Мұндайда ортаға олжа бөлінеді,
Дала да бауырын жазып керіледі...
Қазақтың ерекше бір қасиеті,
Осылай ат үстінде көрінеді.
***
Құймақ – дала дүбірден шайқалады,
Тұяқ тиіп кейінге айналады.
Бір айналды.
Екінші айналымда-ақ
Кімдер озып, кім қалар байқалады.
Қалғандары еліріп кек тізбейді,
Озғандары атылып көкті іздейді.
Жабы мінген жігітке амал бар ма,
Тұлпар мінген жігіттер жеткізбейді.
***
Тау-тастың қия - құзын, төсін өрле,
Жетеді етегі оның көсілерге.
 Көрдің бе тұғырды анау мінгізгенін,
Ынтығып жүрген қыздар есіл ерге.
Мұндайда ширықпай ма есіл ер де,
Хас тұлпар арындайды көсілерде.
Біреудің аты озады артып бағы,
Біреудің мұнда үміті кесілерде.
Озғандар келеді, әне, тартып басын,
Бас қамшы,
Жүзіңді жел шарпып қалсын.
Бетіне қалғандардың боратады,
Тұяқтар құба белдің тарпып тасын.
Жол шаңын өркеш-өркеш үзік етіп,
Сағымды жанарымен сүзіп өтіп,
Аттардың екі-үшеуі келеді алда,
Айдаудың көмбесіне жүзі кетіп.
Сорлы аттар ақ көбікті мекелеткен,
Көмбеге жетуге ерте төтелеткен.
Көп тұғыр шаң соңында қалып қойып,
Хас жүйрік қашан көрсең жеке кеткен.
***
Атам қазақ қиқулы ұлы атойлы,
Нұрлы шағын ұрпаққа мұра атайды.
Құлан сүтін емізіп, қаймақ берген,
Тарта мініп жайлауда құла тайды.
Қанға сіңген алаулы ұранында,
Арғымақтың от ойнау құлағында.
Құла тайды жазықта көсілтеді,
Сөгу үшын қолтығын құнанында.
 Ілестірмей соңына көлеңкесін,
Дүбірлетіп даланың белең – төсін,
Құнанында қинаған жүйрігінің
Хан күткендей қарсы алар дөнен кезін.
Тұлпар үшін тастаған өзге ісін де,
Думандатып қалмақ боп естісінде.
Жабу жауып арулап жүргені бір,
Көк дөненді қайта ұстап бестісінде.
Егер тұғыр болмаса жасып өскен,
Шабыс тілеп бәйгеде жосып ескен.
Тісегенше байқайды топқа салып,
Ал озбаса?
Онда оның басын кескен.
***
Анамнан туғаным жоқ жау сағына,
Күйреймін бірақ күнім ауса мына.
Жанарда шел боп қаптап,
Біткен жаман
Күйшінің күбірткі боп саусағына.
Қиынның қарсы тұрам қандайына,
Бақ бітпей, бітсе де сор маңдайыма.
Тұлпарды орға жығып,
Жүрген жаман
Бұлбұлдың құрт боп түсіп таңдайына.
Адамның кір түсірмей атағына,
Жұртымның айта салған мақалы ма.
Ананың шашын жұлып,
Күлген жаман
Атаның өрт жіберіп сақалына.
 Басымды сонау заңғар күнге иемін,
Онымен бірге өртеніп, бір күйемін.
Бәрінен жара болып түскен жаман,
Тәніне мына сұлу дүниенің.





Пікір жазу