13.03.2022
  153


Автор: Рафаэль Ниязбек

АТА МЕКЕНМЕН СЫРЛАСУ

Жас едім, қыздан бұрын жыр, ән құштым,
Тұрады көз алдымда ұранды ұшқын.
Сағынсам, ата мекен, жетем саған
Жармасып қанатына қыран құстың.
Өрліктің мақсұт тұтпай құр атағын,
Асудан асау сөзді құлатамын.
Бұл менің шабытымды шақыруға
Жетпейді аруағы бір атаның.
Көз алдым кетті бүгін тұманданып,
Жарамай жарысуға құлан қалып.
 Сол сәтте шалғай жақтан даусымды естіп,
Нәзік қыз жылап тұрып жұбанды анық.
Табиғат боран шабыт кезін бермей,
Ақ дауыл сүрінеді төсімде өрлей.
Өлеңін жатқа айтып жүрген ұрпақ,
Ақынның жүр ғой олар өзін көрмей.
Жаралса ақын үшін жаралған мұң,
Көз жетпей көлеміне бар арманның.
Мен сенің бөлек біткен бәйтерегің,
Тас жарып шетінде өскен қара орманның.
Мен барда түспейді, әне, алға асып оқ,
Жеріме салған оның таңбасы көп.
Өзіңнен басталатын үлкен жолдың
Бөлініп жатам ылғи жалғасы боп.





Пікір жазу