13.03.2022
  90


Автор: Рафаэль Ниязбек

БҰЛАҚТЫҢ ТАУҒА БЕРГЕН ЖАУАБЫ


Бұлағың ем ілгері ойлы аттаған,
Қызығымды жатсын деп тойлап далам.
Сұсты мерген бармаған құзарында
Жас киіктің лағындай ойнақтаған.
Бұлағың ем жырым от, сырым мұңдай,
Білуші ме ең жайымды бұрын мұндай.
Ұзынынан көсіліп жатқандаймын
Ару қыздың кесілген бұрымындай.
Жанушы еді о кезде жанар қандай,
Ұзатқанда толқынын жаңа армандай.
Бастау тауым!
Кеудеңде қалай жатам,
Сені шандып тастаған ақ арқандай.
Тыңда мені!
Көрсетші тусаң алып,
Аласа боп жаралған жусан нағып.
Бұлақ дейді кім мені
Өз арнамда
Ағыл-тегіл жатпасам бусана ағып.
Алда осынау білемін бақтар барын,
Жаңғырығып жолымда жатты орманым.
Жамыратып сол жаққа толқындарын
Қос қанатын сұңқардай қақты арманым.
Босағасын таулардың бұза ағыстай,
Жігерімді түсемін ұзақ ұштай.
 Қыран құс та білмейді құз қадірін
Ұясынан өзінің ұзап ұшпай.
Жастығымның жалыны маздауы үшін,
Маңдайыма жалғанды жазбауы шын.
Нұр боп көшіп кер дала дидарына,
Көлдеріне жеткізем қаз дауысын.
Жазықтарға шабындық жайқалмаған,
Айдындарға тербеліп шайқалмаған,
Өзгеше бір жетемін дүние боп,
Ағысынан өзінің қайта алмаған.
Бастау тауым!
Құзыңа жеңіс туын,
Қадайын ба хош көрсе келісті күн.
Байқадың ба бұлақтар керек екен,
Гүденуі үшін де жер үстінің.
Бастау тауым!
Аласа жусан нағып,
Менен өзге кәнекей тусаң алып.
Көсегесі тастың да көгереді,
Мен осылай жатқанда бусана ағып.





Пікір жазу