13.03.2022
  109


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТҰҢҒЫШЫМ – РАСУЛҒА

Бітіп ең маңдайына шат жиынның,
Кетпегей жетегінде жат құйынның.
Қылығың сенің еске түсіреді
Орманда жаңғақ шаққан ақ тиынның.
Түседі төмен сенің қайдан бағаң,
Көгіңде қалықтап ән, жайраңдаған.
Кім білген тентектігін алғансың ба,
Құлынның желіге әлі байланбаған.
Тәңірім, өз отының маздауы үшін,
Жалғанды маңдайыңа жазбауы шын.
 Жыласаң даусың тауды жаңғыртады,
Кім білген алғансың ба қаз дауысын.
Сүймейді қызығы мол дүрмекті кім?
Шын шешен тартына ма күрмеп тілін.
Тілегің орындалмай жұбанбайсың,
Әкеңнің алғансың ба бір беттігін.
Жарқыным, жанарыңда шырақ бардай,
Жанады тал бойдағы тұрақты ардай.
Бір күні қолдан шығып кетесің бе,
Бұлқынып бұлақтардай.
Мазамды аласың-ау бекер менің,
Тек биік болсын, жаным, жетер көгің.
Биікке талпынғаның шығар, мүмкін
Сен мені көтер деуің.
***
Жанарымның кезі жоқ оты арылған,
Ол құйылса сарқыла қотарылған.
Вулкандардың аспанға атылғаны –
Ол менің көкірегім –
Таулар боп қопарылған.
Көні кепкен шөлімді қандырыпты ән,
Арманымды жалғаған жандырып таң.
Қара тастан әлемге тараған үн
Ол менің омырауым –
Орман боп жаңғырыққан.
Қарсы алады алдымнан жасаулы күн,
Таудан мүсін білмейді қашауды кім?
Қол тигізбей жаманға алып жердің
 Көрдің бе сілкінгенін –
Ол менің асаулығым.
Алсам керек жаныма жырдан күйік,
Додаңа да қосылам қырдан киіп.
Шығыстағы алау күн нарттай жанған
Ол менің болашағым –
Оғыңнан тұрған биік.
Жұлдыздардан менің бар сөз тізгенім,
Құйылған нұр далама көз сүзгенім.
Алға аптығып қоймады-ау құлын жүрек,
Бір мұратқа жетуім сөзсіз менің.





Пікір жазу