СЫРЛАСУ
Қасым Аманжоловқа
Қозғалып ағысымен ізгі арнаның,
Шуына шулар қосам күзгі орманның.
Жыр - өзен.
Соның мұзды айдынында
Кемедей толқын жарып жүзді арманым.
Мен содан бармын асау сырлы ағында,
Сағынған сазды әуеннің ырғағында.
Білемін, аруақты ақынсың сен,
Сайраймын бұлбұл болып жыр-бағыңда.
Сен болсаң ұлан-ғайыр атырап көк,
Құйылам тау суындай арқырап кеп.
Жерімде ерекше өскен Бәйтерексің,
Байланам бұтағыңа жапырақ боп.
Жауыма тұрам тас боп үгітілмей,
Олардың мынау жарық күні түндей.
Мен сенің қол созамын арманыңа
Ақиық әкелердің үмітіндей.
Сен менің кеттің болып сырласымдай,
Шатырлап көктен түскен жыр-жасындай.
Арыным бір басылмай барады осы,
Ақ дауыл аласапыран бұрқасындай.
Келемін сол тыныстың солқылымен,
Танылған тарландай бір мол қырымен.
Сен асау өзен болсаң арнасы кең,
Арналы сол өзеннің толқыны мен.
Жас жаным аңсағандай көк дүлейді,
Кеудеме шбыт құсың кеп түнейді.
Жүрегім: “Қасым орнын жоқтатпа” деп,
Асаудай жерді тарпып тепкілейді.
Даланың шұғылаға мас құмдарын,
Сен жүрген жолмен шарлап астым бәрін.
Тек әттең, ақындығың бұйырмады-ау,
Өзеннің кері ағызған тасқындарын.
Бірақ та сенем сергек бір өзіме,
Жол тартам биік арман – күмбезіме.
Тап қазір ақындығым тартпағанмен
Ұқсайтын мінезім бар мінезіңе.
Сілкілеп қайыс жонын жарлы шымның,
Жаралғам жүрегінен арлы шынның.
Өнерде өзің құсап көрінсем ғой
Жарқырап маңдайындай қарлы шыңның.
О, ақын, өр кеудеңе енем түстей,
Даусыңды – тау тербеткен көрем күштей.
Сен шығып жырдың заңғар биігіне,
Көз жұмдың сол биіктен төмен түспей.
***
Өртенген өзегіме талшық арым,
Кеудеме менің орнап қал шынарым.
Қасеке, қалам мөлдір жасың ба деп,
Бетіме тиген жаңбыр тамшыларын.
Бұлтына бүркетпейді ел Ай, Күнін
Адамның бермейді ғой кегі-ай тыным.
Қасеке, сенсің бе деп тебіренем,
Дауылды шайқап жүрген көл айдынын.
Серпіліп сергіген шақ – күйі үстемде,
Үйінде жата алмайды тиыш пенде.
Қасеке, сенсің бе деп мың толғанам,
Жанарым жасынменен түйіскенде.
О, ақын, арманым ең қауышпаған,
Сырым ең айтып әлі тауыспаған.
Көгімнен күн күркіреп өтсе кейде
Сен бе деп қалам маған дауыстаған...
***
Жігіттің ашылады бағы сында:
Сен барсың жұлдыздардың ағысында.
Сен барсың он бес жасар қыз арында,
Қаһарман қарлы шыңның құздарында.
Сен барсың ғашықтардың жүрегінде,
Арқалы Алатаудың тірегінде.
Сен барсың жұмысшының білегінде,
Қара нар – Қарт Атаның тілегінде.
Сен барсың толқынында жаңа арнаның,
Құс тілді шуларында қара орманның.
Сен барсың қалың орман нуларында,
Жеңістің желбіреген туларында.
Сен барсың бұлбұл толы ну бақтарда,
Таңертең шашыраған шуақтарда.
Ағысы қатты осынау бұлақтардай,
Сен барсың топан да топан шумақтарда.
Басымды сен болмасаң кімге иемін,
Нұрына сан сүйдірген күнге иегін.
Қасеке, сені іздейтін сияқтымын,
Мен жалпы ағысынан дүниенің.
***
Алады көкірегім еркін демін,
Жүзеді щұғыладай көркінде күн.
Мен бүгін суырылған ақ семсердей
Ақ жүрек ақындықтың сертіндемін.
Ешқандай қиялымнан қалыспадым,
Мен үшін қарға адым жер – алыстарың.
Желдіртіп дарияны жетегімде,
Өзеннің алға оздырам ағыстарын.
Жүгірем самалы боп көктеменің,
Бұлқынып тамырында от дененің.
Ғұмырын адамдардың ұзартамын,
Тұсында бітпеуі үшін Көктөбенің.
Мен бе екем өскен сонау тасқын көрмей,
Барады арынымды басқым келмей.
Ағады жұлдыздарым ұран салып,
Осынау кең аспанның астын бермей.
Тумаса мені Ана өр еңселі,
Оу, жұртым, қайтіп асқақ көрем сені.
Бір гүріл күнде алыстан естіледі,
Көшкендей көкірегімнен өлең селі.
Бұл тасқын кемерімен шапсын жардың,
Селіндей ағыл-тегіл ақсын қардың.
Жүрегім ашкөзденіп арындайды,
Біткендей бұлқынысы ақ сұңқардың.
Осыдан кетпеймін мен басқаша ауып,
Тұрамын көк нөсердей басқа жауып.
Ақындық –
Суырылған ақ семсер ғой,
Оны ешкім майырмайды тасқа шауып.