13.03.2022
  167


Автор: Рафаэль Ниязбек

МУЗЫКАНТ ҚЫЗ

...Астынан саусағыңның үн ыршиды,
Желпіп қап қанатымен қыңыр шиді.
Қабірде ата Құрман аунап түсіп,
Білемін ол жатқан жер ыңырсиды.
Мөлшерді білмей шабыт асқынады,
Шыңғырып тау басынан тас құлады.
Тілінде бұл аспаптың қайғы бар ма,
Неліктен қара көзде жас тұнады.
Бұл әуен қайғылы еді күн жылаған,
Езіліп албырт әлем тұнжыраған.
Жыр болып перне үстінде безектедің,
Кигендей тас түрмеде шынжыр ағаң.
Бұл әуен дауыл толы жігер дейді,
Пернеден ыршып шығып, тік өрлейді.
Үйіне сұлу қызды
Сен тартқан саз
Жігіт боп түн ауса да жібермейді.
Астынан саусағыңның күш ағылған
Адамды сүйіндірген, құса қылған.
Тыңдаған сені жігіт сұлу қыздың
Бұлқынып шығып кетті құшағынан.
Өзіне қаратса күй тылсым көкті,
Тоқтаған жүрек көрде дүрсілдепті.
Бір сені тыңдап тұрған қаралы әйел
Өксігін басыпты да, күрсінбепті.
 Мұқалмас тұғырында жеңген сенім,
Менің де от кеудеме енген селің.
Әуенге көгенделген мені күтіп,
Қалыпты тыста жаурап жеңгең сенің.
Әр адам сертке таққан жұтпайды үнін,
Ең соңын сен де жарқын күт бәйгенің.
Ойнасаң пианино, ақ сары қыз,
Білінбей кетеді екен титтәйлігің.
***
Көзіңді жігіт болсаң жасауратпа,
Мені де өмір ерте жасаулап па.
Асауда жұмысым не, тыныш жүрмей,
Мінуге жарасаң сен асау атқа.
Өрмелеп шықтым биік құздарға да,
Жастанып жата кеттім мұз-қарға да.
Сен ерте келін алып келер болсаң,
Жүгіріп нем бар еді қыздарға да.
Ағаңды итерсін кім отқа күштеп,
Салмайтын шығар айдап оққа да ұш, – деп.
Намысты қолдан бермей жүрсең, інім,
Кім айтар мына маған топқа түс, - деп.
Соңымнан нұр-шұғыла көп ереді,
Нөсерін күн бұлттанса төгер еді.
Әйтсе де мына ағаңның көсегесі
Тентек інім өзіңмен көгереді.
***
Тыңдашы, көгімдегі жырақ аспан,
Найзағай оттарынан бұлақ ашқан.
 Көмбеме жетуге ерте жүгіремін
Құйындай бұлт-шәліні жұла қашқан.
Оу, шабыт, келші бермен бір бүктейін,
Көргем жоқ арынымды іркіп кейін.
Көмбеме жетуге ерте жүгіремін
Көгіне көтерілген бүркіттейін.
Қанымды толқынға ұрып тасытқан кім,
Көп пе еді әлде мені жасытқан мұң.
Көмбеме жетуге ерте жүгіремін
Секілді көкжиекке асыққан күн.
Жан емен жолдан шығып, қырын кеткен,
Менің де сырым – көктем, жырым – көктем.
Жүлдені сол алады
Шын бәйгеден
Көмбеге ұран салып бұрын жеткен.
***
Күнім бар ма тыныштықты дос еткен,
Ұйқы көрмей безіп жүрсек төсектен.
Шабандық па,
Шабандықты қойсаңшы,
Кей адамдар келе жатыр есекпен.
Болашаққа... қарай ұшқан құсты мен,
Арғымақпен дей аламын түсті тең.
Ессіздер де кетіп бара жатады
Осы кезде Ұлы Жердің үстімен.
***
Өр көңілің әр нәрсеге толмаса,
Өмір осы. Қиналмағын жолда аса.
 Ол да өзіңдей мал қайырған қазақ қой,
Қарт кісінің көп көргені болмаса.
Өр көңілің әр нәрсеге толмаса,
Өмір осы. Қиналмағын жолда аса.
Ол да өзіңдей мал қайырған қазақ қой,
Ер жігіттің тәуекелі болмаса.
***
Қызғалдақтар шешек атып жайқалған,
Теңіз біткен сағасында шайқалған.
Менен де бір дәстүрлі ерлік байқалған,
Ақылдының жүріп өткен жерінде.
***
Туа салып кім атылған Айға тік,
Кетсең абзал теңізді де шайқатып.
Бұл далада аш бөрілер өріпті,
Жар астында жаудың барын байқатып.
Дүниенің айқара ашып есігін,
Батырлардың жыр ғып оқып есімін,
Бұл далада ақ алмастай жарқылдап,
Ақын өткен бір-ақ айтып кесімін.
***
Шабыт, қайда барасың үркіп менен,
Дүр сілкініп кетпесін бүркіт денем.
Астымдағы атымды шоқақтатып,
Өзімді-өзім әйтеуір іркіп келем.
Қайран шабыт, келерсің достығыңда,
Әр нәрсеге еліріп босқа ұрынба.
 Өскен асау секілді құрық көрмей,
Менен үркіп, бекерге осқырынба.
Менен алыс кетпегін, ұзамағын,
Ұзамағын бағымды тұсамағын.
Қайран шабыт, сен жоқта тал бойымда
Дуылдаған ақ берен қыза ма ағын.
Жыр сонарға ой қуып жиі аттанам,
Тозсын мейлі, тозбасын тұяқ-табан.
Қайран шабыт, сен жоқта
Сусыз, нұрсыз
Құлазып жатқан дала сияқтанам.
Келсең шабыт, алаулы ақ армандай,
Сол бір шақта жанатын жанар қандай.
Қайран шабыт, сен жоқта азалымын,
Жаңғырықтан жалыққан қара ормандай...





Пікір жазу