АУЫЛҒА БАРҒАНДА
Талай жыл жүрдім ғой шалғайда,
Ауылға келемін оралып.
Әрине, жүремін ылғида
Сағыныш сезімге оранып.
Арада жыл өтті айлармен,
Жас шыбық өсіпті емен боп.
Самайға ақ түсті ойлармен,
Дуылдап жүгірмес денеңде от.
Өзің де ойланып қаласың,
Қарайтын үлкенге жасқана.
Келінді етіпті анасын,
Кешегі кішкене жас бала.
Сондағы тентек қыз бірге өскен,
Байсалды келін боп үлгерген.
Сонан ба көңілге жыр көшкен,
Осылай боларын кім көрген.
Біреуге келін боп жүретін,
Жеңгеміз біреудің енесі.
Жеңеше, келтіріп бір ретін
Өтінем бойдақсың демеші.
Расында шал бопты ағай да,
Маңдайда әжімі бар тағы.
Бұлт жапса көктегі ақ Ай да,
Білемін, бұлыңғыр тартады.
Барлығын не пайда тізгеннен,
Дүние өзгеріп жататын.
Ауыл ғой өзіміз жүз келген,
Қызықты шуына бататын.
Талай жыл жүрдім рас шалғайда,
Ауылға келемін оралып.
Әрине, жүремін ылғи да
Сағыныш сезімге оранып.
Мінеки, үйге де кеп түстім,
Көршілер қалыпты жиналып.
Қиыны сол екен жетпістің,
Әжем тұр орнында қиналып.
Шамасы келмейді жүруге,
Жоғалтқан адамдай базарын.
Дәрмен жоқ сөйлеуге, күлуге,
Тек сұлық тастады назарын.
Анам жүр жиналған адамға,
Молынан шашып шашуын.
Тас құртты қақ бөлді табанда,
Көрші әйел алардай ашуын.
Кішкене отырып тарады ел,
Сүймеуші ем, амал не, жекені.
Сол сәтте шақырды Қара бел –
Қарауыл атайдың мекені.
Сол сәтте көзіме елестеп,
Кетті ғой қылығы атайдың.
Кім айтар қаталдық емес деп,
Несіне, қу өмір, қатайдың?
Жоқ еді сол шалдың баласы,
Қайтейін әйгілеп жоқ барды.
Көсіліп жататын даласы,
Тартқанда әлгі шал көкпарды.
Шіркін-ай, білгенге даналық,
Сөйлейтін келтіріп бір ретін.
Өзінен шын туған бала ғып,
Әкемді... мені де жүретін.
Мәнісі жоқ қой бұл күбірдің,
Сырыңды бола ма тыңдатпай.
Сол шалға бармақ боп жүгірдім,
Жүгірдім жетуге күн батпай.
Жүр екен қораның сыртында,
Қолында ағаш сап күрегі.
Оқушым, өтінем сыр тыңда,
Көргенде қайтеді жүрегі.
Жүгіріп мен бардым қасына,
Жоқ олай ойымнан шықпады.
Қол бердім... Ақын дос жасыма,
Ойланып қабағын шытпады.
Білемін, жақсыға жаны бай,
Өр көңіл әп-сәтте басылды.
Қарауыл атай тұр танымай,
Ал иті мойныма асылды.