МЕНІҢ КҮЛКІМ
Күлген жақсы кезегінде,
Мұны өзім сеземін де.
Қайғы, мұңды мазақ қылып,
Өсіп келем өз елімде.
Бойға жиған бар асылды,
Мінезім бар бала сынды.
Қалқып өткен су бетінен,
Күлкім қандай жарасымды.
Күлкім сәуір желдетеді,
Ойға шомып бел кетеді.
Нали қалса анам менің,
Күлкім – бесік тербетеді.
***
Тастан ойып жазылған мүсінге де,
Ұқсап кетсем,
Күйінбе, ісінбе де.
Күндіз кіммен ұстастым,
Сол адаммен
Тістелесіп жатамын түсімде де.
Тастан ойып жасалған мүсінге де,
Ұқсап кетсем,
Күйінбе, ісінбе де.
Күндіз кіммен сүйістім,
Сол адаммен
Құшақтасып жатамын түсімде де...
***
Бүгінде дұшпаным аз, жолдасым көп,
Сазды күй жүрегіме орнасын кеп.
Әкем жүр: “Ата – баба аруағы
Сүрінсең жебеп әр кез қолдасын” деп.
Айтамын мен олардың жырын ұдай,
Күшім бар шын жетерлік бұрынғыдай.
О, адам, болмас та еді ұлылығың,
Болмасаң бірің – кіші, бірің – құдай.