АНАМНЫҢ ХАТЫ
Әкең де өз елінің күйін шерткен,
Асырып жібермейтін сыйын шектен.
Өмірге сен келген жыл, күтпеген ек,
Өтем деп қайтты байғұс қиын шептен.
Көңлінде кеткен болар мол арманы,
Сені де ең әуелі көре алмады.
Жармасып ақша бұлтқа келді жеңіс,
Кеткеннен әкең бірақ оралмады.
Кей жігіт әкесі бар тіреу көрген,
Үйлерде төрлеп жүрді күйеу келген.
Сен болсаң шақырусыз қалып сонда,
Ақ сүйек ойнап кеттің біреулермен.
Осылай өте берді ұзақ күндер,
Алдыға шығар дейсің ұзап кімдер.
Тұлпардан қалған жалғыз тұяқ едің,
Кетпегей талғамыңды тұсап түндер.
Сыртыңда жүрді жұрттың көп өсегі,
Ұшпаққа сан көтерді төбе сені.
Ат мінген кей жігіттен сені оздырды,
Атаңның саған берген көк есегі.
Тағдырдың көрдің жауын, дауылын көп,
Жығылсаң сүйеді тек бауырың кеп.
Шығарып жалғыз салса анаң сені,
Бұл күнде қарсы алады ауылың боп.