13.03.2022
  154


Автор: Абдрахман Асылбек

Мен және сен

Мен сені көрген сәттен сүйіп едім,
Отыңа көбелек боп күйіп едім.
Сен маған аса ғажап ару болып,
Басымды біржолата иіп едім.
Білмеймін, кереметтей кең болдың ба?
Алаулы құшағыңа сыйып едім.
Сен-дағы көрген сәттен кет демедің,
Біртіндеп жақын тартың, шеттемедің.
Ағат сөз алғашқыда айтқаным жоқ,
Сол үшін шалқар шуақ төккен едің.
Сол түнді ұмытуға еш қақым жоқ,
Бал дәмді ерініңнен өпкен едім.
Білмедім ойың барын қандай сенің?
Көріндің таңғы сұлу айдай керім.
Жаныңа жету үшін жаным қалмай,
Келді тек самғай бергім, самғай бергім.
Өзіңді көрген сайын ебін тауып,
Ерніңнен сүйе бердім қанбай шөлім.
Өтіпті біраз жылдар содан бері,
Кетеріп биіктерге арман белі.
Апалы-сіңлілерге Үш тотыдай
Тегін бе ғашық болған Ақан сері?
Құдайға құдіретті ризамын,
Кенеттен кезіктірген саған мені.
Еркіме ерік берген сен емес пе ең?
Жаныма желік берген сен емес пе ең?
Әр тілек, әр сөзімді қалт жібермей,
Бәріне сеніп келген сен емес пе ең?
Туған ел, туған жерге бастағанда,
Тайсалмай еріп берген сен емес пе ең?
Көргеннен құлай сүйген мен емес пе ем?
Шапақты шырай сүйген мен емес пе ем?
Көңілің қаламаса, нем бар менің,
Өзіңді сынай сүйген мен емес пе ем?
Сәл ғана көрмей қалсам келбетіңді,
Жаңбырдай жылай сүйген мен емес пе ем?
Қосылған жарты жолда жарың кетті,
Демеймін соныменен бәрін кетті.
Өсіріп төрт баланы тәрбиелеп,
Бұл күнде мәресіне бәрі жетті.
Өзіңді сыйламаса енді олар,
Дей көрме әлім кетті, мәнім кетті.
Солардың бір атасы мен емес пе ем?
Өрелі өлең сөзге кен емес пе ем?
Мейлі, олар ұқпаса да, өзің ұғып,
Тоқтатар тура сөзге сен емес пе ең?
Өзіңді ешкіммен де алмастырмай,
Өмірлік сүйіп өтер мен емес пе ем?


 





Пікір жазу