13.03.2022
  324


Автор: Рафаэль Ниязбек

МЕНІҢ МАХАББАТЫМ

Менің мөлдір махаббатым,
Сұлулықтан жаралыпсың.
Менің мөлдір махаббатым,
Ұлылықтан нәр алыпсың.
Менің мөлдір махаббатым,
Шарықтаудан талмаған сен.
Менің мөлдір махаббатым,
Уақыттан қалмаған сен.
 Өмір тұрды әр деміңде,
Жердің өтін суырған сен.
Ер еңбектің мартенінде
Қорғасынды қуырған сен.
Жауларыма қан сұраған,
Оғым болып ұшқан да сен.
Жараланып қансыраған
Мені келіп құшқан да сен.
Арайлы ақ таңдарды,
Елім үшін атырған сен.
Соғыс атты ақпандарды,
Тұңғиыққа батырған сен.
Менің мөлдір махаббатым,
Сұлулықтан жаралыпсың.
Менің мөлдір махаббаым,
Ұлылықтан нәр алыпсың.
***
Баршылық өзгелердей білім менде,
Талпынам күнімен де, түнімен де.
Жайшылық солай жүріп сөз естимін,
Көремін мұны өзім тілімнен де.
Әтсе де мен біреуге мойынсұнбан,
Келер күн жарқын етіп ой ұсынған.
Биікке тумай жатып таласамыз,
Қиылып талай бастар, мойын сынған.
Дәл өстіп жүрген қызық шыңды ақтарып,
Бұрғыны жақпар тасқа шындап қарып.
 Е, достым, тартпа мені етегімнен,
Құласам мен құлаймын шырқап барып.
***
...Шабыттымын. Жүрген жоқ күйім
жетпей,
Жақындайды жүгірсем қиыр беткей.
Жортуылдап алысқа бара қалсам,
Көз алдымнан тұрады үйім кетпей.
Төрде мүлгіп қарт баба бал ашады,
Орындалса мейлі ғой бала шарты.
Шабандоздар өрлігіп тартысқанда,
Жыртылардай көрінді дала шаты.
Бұлбұл қонып шырқайды таңдайынан,
Жел қолы кеп сипайды маңдайынан.
Қайран дала, төсіңде біз болмасақ,
Қадіріңді біледі қандай ұлан.
Ал, жолаушы, қарама айда бұған,
Уақыт шын қуғыншы сайда қуған.
Анам мені бір туып адам етсе,
Осы дала ақын ғып қайта туған.
***
Тәкаппар күн – биікке өрлегенім,
Көлеңкесі жасымнан көрмегенім.
Байтақ дала – көсіліп жатқаным ғой,
Асқар таулар – шыққаным төрге менің.
Бір сырыңды жасырсаң тулай кетем,
Құйыныңа дүрлігіп қумай жетем.
Өзің келіп кірмесең өр кеудеме,
Ей, дүние, құшағыңа симайды екем.
 ***
Қайғыңды көкірекке қонақ еткем,
Көңілім ортаяды тола кекпен.
Өйткені кей ақсақал сыйластықтан
Бір атым насыбайға бола кеткен.
Ақылын ашу жеңген сұсты оңа ма,
Қандай суық болса да құз тоңа ма.
Кей жігіт шын достықтан кетіп жүрді,
Шашын тарай алмайтын қызға бола.
Ешкімнің қызықпаймын мен түгіне,
Даламның құмартсам да кеңдігіне.
Биікте тұғыры бар хас қырандар,
Қарғаның көз сала ма жемтігіне...
***
Шолақ көрсең жылатпа – жалғайтыны бар
оның,
Ақсақ көрсең құлатпа –талмайтыны бар
оның.
Өсекшіні ұнатпа – кезгіштігі бар оның,
Соқыр көрсең мұқатпа – сезгіштігі бар оның.
Қорқақта да жүрек бар – селт еткені
болмаса,
Батырлар да қорқақ қой серт етені болмаса.
Бәрі жақсы тірлікте – ақымақтан басқаның,
Бәрі шабан тірлікте – арғымақтан басқаның...
***
Менің денем сан асылдан құралған,
Сезім-күйлер қыз үніндей бұралған.
 Жер осімен айналады.
Ендеше
Мен де үнсіз текке қарап тұра алман.
Көк жиектің тесіп өтіп төрінен,
Шырқай ұшқан корабль боп көрінем.
Қара жер мен көк аспанның арасын
Жалғайтұғын арқан болып өрілем.
Алғы күнмен толысады бұл ағын,
Тіршіліктің толықтырып құрамын.
Әйтсе де мен кететіндей ауытқып,
Батар күнді қадағалап тұрамын.





Пікір жазу