13.03.2022
  103


Автор: Рафаэль Ниязбек

БОРАН

Күн батты көкжиекке құлап барып,
Сарнатты сыбызғысын бұрап қалып.
Соңынан қуғандай жау суырды қар,
Барады үсік демі құлақ қарып.
 Ышқынып бұрқай соқты дүлейленіп,
Жұрт түгел қалды кенет үрейленіп.
Жолдағы жолаушының сақалына,
Мұздан моншақ тағылған білеуленіп.
Жұлынып енді бірде күй іздейді,
Басыңа қардан қалпақ кигіз дейді.
Жиналған қорадағы көк шөпті де,
Жынданып боран-өгіз мүйіздейді.
Сүңгіпті бұлт ішіне ай сызданып,
Қалыпты мұз айдыны айғыздалып.
Қайыңдар шайқалақтап сабаланды,
Асқар шың міз бақпады жайсызданып.
Әзірге көрсетпеді аспанды көк,
Жылаған тереземнен жас тамды көп.
Қардан жал шатқалдарға қалап беріп,
Ақыры тау етегін жастанды кеп.
***
Туған жер, қажыдың ба күтім кетіп,
Мен жайлы жатыр міне бітім жетіп.
Төсіңе бір гүл екпей ,
Шылым шегіп,
Жүрмін бе таза ауаңды түтіндетіп. ......
Cезінем,
қысыламын мінім көптей,
Жүрген жоқ және менің үнім жетпей.
Мен қалай бір қызыңа үйленемін,
Сол қызға ұсынатын гүлімді екпей.
 Көгіңнен өкпелеттім жыр ап түспей,
Анам да соны ойлаумен жылапты іштей.
Шөлдесем сыраңды іштім.
Дұрыс па осы?!
Құзыңнан құлап аққан бұлақты ішпей.
Алысқа жетелейді іштей сенім,
Жанымның танып дауыл – күштей селін.
Өзіңнен өтпейді ғой жолаушы да,
Мөп-мөлдір бұлағыңнан ішпей сенің.
***
Сазды әуенді тыңдауға жиылса бақ,
Қайыратын мен бе екем күйін салақ.
Қас жүйрікпен мекеңе барып қайтам,
Үлгергенше бір сараң тиын санап.
***
Сөйлеймін айға мініп сөзге ерінбей,
Жерім жоқ қуаң тартқан өзге өңірдей.
Қарайтын сынап мені ұлы көлдер


Бабамның сыншыл, өткір көздеріндей.
Тұрған жоқ бұл ғасырда ерлік қайтып,
Дауылдан құлап еді берік қай түп. .......
Даламды жайлап алған ұлы таулар –
Бабамдай тұрады ылғи өрлікті айтып,
Ерлікті айтып!
***
Мен анамнан туғанда
Шығысымнан нұрын шашып күн шықты.
 Алты жаста ата жолын қуғанда,
Жұрт қуанып, жау көрінде тұншықты.
Сондықтан сен сөз етпе,
Мен тұрғанда бұлбұлды,
Білем оның таңдайын.
Мен айтқан ән оның өзін құл қылды,
Сан сүйдіріп маңдайын.
Мақтамағын жігітіңді ең сері,
Мен оларға жеті қырдан танылғам.
Менім көзім – Махамбеттің семсері,
Шапқан аттың тұяғына жанылған.
Бұл ғасырда шырқай ұшқан қыран көп,
Кейде олар қалықтайды төменде.
Жүрем ылғи жігіттерге ұран боп,
Бір ізгілік басталған соң менен де.
Дүбірімен құлақ жарған тұлпарды
Айтпа маған,
Өкпесі оның тесілген.
Артқа тастап талай ұлан жылдарды,
Менің жаным көсілген.
Көсемсіген көселерді сөз етпе,
Құлақ түріп ал, тыңда,
Көргем оның өресін.
Әзір жоқ қой олар менің алдымда,
Сен оларды соңғы топтан көресің.
Солай, достым!
Сен де өштің жандың да,
Түтін қапты жүрегің.
 Мен қашаннан жүйріктердің алдында
Оқ бойы озып жүремін...
Уа, шабыт!
Семсер-қанат талды ма?
Көкірекке ерте неге аза алдым.
Мен түспесем жарар еді алдына
Озып шығып ажалдың.





Пікір жазу