13.03.2022
200
* * *
Қалсам мен өзгелерден қалыс тұрып,
Тас жігер арындайды алысқа ұрып.
Сол кезде ойхой, достар, көргейсіңдер,
Таулармен мені де бір салыстырып.
Алдына басын төмен иіпті кім,
Төбемді сонау маңғаз сүйіпті күн.
Бүгін де өмір өзі байқатып жүр
Қаншалық, кімнің қандай биіктігін.
Уа, шабыт, семсер шабыт жарқылдап қал,
Әдетке айналмасын салқындап қан.
Туған ел кенге толы шатқалымды
Ақтарып өлең сынды алтын тапқан.
Түйісіп найзағамен көк төрінде.
Жанымның қызғалдағы көктер күнде.
Таулардан биік жатыр асқақтығым,
Жүргенім болмаса тек бөктерінде.