13.03.2022
  204


Автор: Рафаэль Ниязбек

ПАЛУАНДАР

Жататын адуынан құлап аспан,
Жанарын палуандар жылап ашқан.
Белдессе “Құдайды да” атып ұрып,
Бұлар тек ата сөзге құлақ асқан.
Екпіні ескек болып желді ескенде,
Жігітім, солармен тек теңдес демде.
Астына алып ұрып, қияға атқан,
Әдетте палуандар белдескенде.
Сөйлесе жүрегінен намыс тұрып,
Жіберген кең әлемді қабыстырып.
Атылса айды ақтарып бере салған,
Қос тауды бір-біріне табыстырып.
Көтерген бұрқыратып көкке демін,
Ешкімге жібермейтін текке кегін,
Күресте жеңіп кеткен палуанды,
Анадан туған екен деп кетемін.
***
Мен атамның қай жерін мақтамайын,
Мақтамайын, мен неге жақтамайын.
Сол кісінің ерлігін, сыңары жел,
Шежіремен айтады бақта қайың.
Басқан ізін мейлі мен бақ санайын,
Күсті қолын сан сүйген жақсы ағайын.
 Өр толқынның көбігі жағаны ұрған,
Паш еткендей, көрдің бе,
ақ самайын.
Ол кісінің ерлігін құзар жақтар,
Мұны көріп қалайша қыз аулақтар?
Сен әуелі алдыңа лақ өңгерші,
Атам менің тартыпты бұзау көкпар.
Қазір көрсең айналаң құндызды алап,
Жол таппайсың осыдан күндіз қарап.
Кей адамдар өмірде жүрсе адасып,
Атам көшті бастаған жұлдыз санап.
Бертін келе сызылып жастық аты,
Көңіл шіркін есейіп бастығады.
Адам жанын біреулер түсінбесе,
Атам менің сезімсіз тасты ұғады.
Кейпін көрем тереңнен күлген оның,
Жазу қайда барысты бүрген қолын.
Сол бабаңның соқпағы салып кеткен,
Сен адаспай қазіргі жүрген жолың.





Пікір жазу