«Көрісу күні» яғни «Амал мерекесі» құтты болсын!
Көктемнің шуақты күнімен бір келетін, қазағыма шад-шадыман күй беретін, ызғарлы қыстың қара суығынан құтылып, аман-есен жылы күннің құшағына енуімізбен құттықтап, көрісіп жататын «Амал мерекесі» құтты болсын!
«Көрісу – жаңа жыл, жаңа өмір, жаңа күн» — деп алатын болсақ, наурыз айының 14 жұлдызынан бастау алатын бұл көрісу қазағым үшін жаңа жыл, жаңа күн болып саналады. Сол себепті осы күні қыстан аман-есен шығып, бір-бірімен төс қағысып, көрісіп жатқан жандар «Бір жас қосуыңызбен» деп бір-бірін құттықтап, риясыз көңілдерін білдіріп жатады.
Көрісу — татулық пен мейрімділік, ізеттіліктің айқын көрінісі іспеттес. Бірлігі мен тірлігі үйлесім табатын қазағым үшін Амал мерекесі ерекше болып саналады. Еліміздің Батыс өңірінде кеңінен таралған бұл үрдіс адамдар арасындағы сыйластық пен ынтымақтың артуына үлкен үлесін қосары анық. Осы күні арнайы дастархан жайылып, бір-бірінің үйіне барып, көрісіп, үлкендердің қолын алу, ақ тілегін білдіріп, шын ниет, ізгі тілектерін білдіру ата-бабамыздан келе жатқан ежелгі дәстүр болып саналады. Бұл да бір қазағымның қонақжай халық екендігінің бір дәлелін айқындап отырғандай.
Негізінен «Көрісу» күнін «Наурыз» мейрамының бастауы деп айтсақ та болады. Осы күннен бастап жер-жерлерде, әрбір үйде дастархан жайып, әруақтарға бағыттап құран оқытып, бір-біріне деген ыстық ықылас-лебіздерін білдіріп жатады.
Наурыз мерекесінің бастауына айналған 14 наурыз — «Көрісу» күні құтты болсын қазақ елі! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Ел іргесі ажырамай, әрбір отбасында тек қуаныш орнай берсін! Жаратқан иеміз жар болып, қуанышымыз бен шаттығымыз ортаймасын!
«Ғажайып Қазақстан —2050» журналының бас редакторы Жібек Искакова, Түркістан қаласы