12.03.2022
  511


Автор: Наурыз мейрамы

Ұлыстың ұлы күні — Әз-Наурыз

Наурыз — бүкіл түркі халықтары тойлайтын бүкіл халықтық үлкен мейрам. Көктемнің шуақты да шырайлы күнінде әрбірімізге шаттығы мен қуанышы мол көңіл-күй сыйлайтын атына заты сай ерекше мереке. «Наурыз» деген атаудың өзі «Жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Яғни қазағым үшін бұл Наурыз Күн мен Түн теңелетін, көңілде күй тербелетін айнала жайнап, түрленетін, бау-бақшамыз гүлденетін ерекше мейрам боп саналған. Расында да, біздер үшін нағыз жаңа жыл, қазағымның күнтүзбесі бойынша осы наурыз болып есептелінген. Қыстың қаһарлы ызғарынан аман-есен шығып, талдары бүршік жарып, көктері гүлдеп, бақта құстар үндеп, бала-шаға мәз-мейрам болып, көңілдері жайнаңдап, толып, өмірлері шаттықты болып аиқа-жарқа күйге енетін сәт әрине бұл осы біздің Әз-Наурыз болатын. Әрбір үйде өз кезегімен наурыз көже беріліп, ақ тілектер лек-легімен айтылып, шад-шадыман күйге енетін сәт те осы — Әз-Наурыз болатын. Қазағым үшін «Жыл басы» саналатын бұл Наурыз мерекесі көңілімізге қуанышты сәтін сыйлап, ел арасындағы, ағайындар арасындағы бауырмалдық пен сыйластықты арттыруға жол ашып, өкпе-реніштерді ұмыттырып, өмірімізге жаңадан шырай береді. Наурызды думандатып жыл сайын тойлап отыру қазақ халқы үшін салт-дәстүрге айналған десем қате айтқаным емес. Шығыстың белгілі данышпандары
Омар Хаям, Махмуд Қашқариден бастап қазағымның біртуар ақындары Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Әлихан Бөкейханов секілді ұлтымыздың зиялы қайраткерлері осы Наурыз жайлы көптеген еңбектер жазып, өлең-жырларына қосқан. Бұл деген сөз Наурыз мерекесі сонау бағзы заманнан тойланып, қазағымның салт-дәстүрінің бір бөлшегіне айналғанының бір көрінісі деп білем. Наурыз — Ұлы, Ұлыстың ұлы күні. Осы күні батагөйлер батасын беріп, сөзге шешен жандар маржан сөздерін теріп, балалар тақпақ айтып, әншілер әні мен жырын айтып, көңілге көтеріңкі күйді жаудырып, наурыз айының әрбір күні сән құрып, ерекше, көркем мінезді жандар біздерді таң қылып арқа-жарқа болатын сәтіміз де осы Әз-Наурыз болатын.
Ендеше, әрбір көктемде қуандырып келетін, шаттық әуен беретін. Көңілге күй себетін Ұлыстың ұлы күні — Әз-Наурыз құтты болсын баршаңызға! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

«Ғажайып Қазақстан —2050» журналының бас редакторы Жібек Искакова, Түркістан қаласы





Пікір жазу