11.03.2022
  232


Автор: Рафаэль Ниязбек

МУЗА БОЛСАҢ ТҰҒЫРЛЫ БІР АҚЫНҒА


І
Ақын жаны айналып өрт денеге,
Жазбады деп жыр арнап өкпелеме.
Жұлдыз шашып жолыңа,
Сені, қалқам,
Көтеремін ту етіп Көктөбеге.
Жан-жағыңа қаптатып жыр жасағын,
Талай әлі өзіңмен сырласамын.
Толқынына сен әлі айналасың,
Тамырымда бұлқынып туласа ағын.
Сұлулықтан жаралған марал көрсе,
Атпай, сірә, тұрады кім садағын?
Елжіреген қыз болсаң жүрегі елге,
Айналасың сен әлі жыр-өлеңге.
Қызғалдақтай алаулап сен тұрасың,
Серуендеп шыққанда қыр-белеңге.
Жырдан сырға мен тағып құлағыңа,
 Ат суарып қайтармын бұлағыңа.
Кеңістік боп сен әлі көсілесің,
Айналасың сен әлі жыр-ағынға.
Жұлдызыңның жанғаны бір биіктен
Муза болсаң тұғырлы бір ақынға.
ІІ
Бақытың мен боп тұрғанда,
Шақырсам, қалқам, бұлданба.
Жүрегім, қайтсін, бұлқынбай,
Жатса егер кеуде – зынданда.
Қарамай егде жасыма,
Сен еріп жүрсең қасыма.
Басыңа бақыт қонса да,
Қара аспан төнбес басыңа.
Оңаша өзің қалғанда,
Жүрегім іздеп барғанда.
Қандырсаң шөлін қырсықпай,
Арманым болмас жалғанда.
Қыдырып қалсаң орманда,
Шабуылға шығам – қорғанба.
Жүрегіңді сенің жылытам,
Жүрегің мұздап тоңғанда.
Қызыл гүл бүрін жарғанда,
Мені іздеп, қалқам, арманда.
Кеудеме мәңгі қал орнап,
Жүрегіме менің жалған да.
 ІІІ
Гүл болып өсем жолыңа,
Түсесің қашан қолыма?
Бақытыма, қалқам, сен тумай,
Тудың ба, әлде сорыма?
Қызығың қалып көк белде,
Қыз күнің зулап өткенде.
Көктеймін деме қайтадан,
Тусаң да тулап көктемде.
Боршалап жүрек – етімді,
Қайтарма, қалқам, бетімді.
Орынсыз тасқа шабылып,
Ақ алмас жүзім кетілді.
Қалайда сені құшуға,
Ақ семсер сертім бекінді.
Жанарың мені түбіне
Жұтқалы тұрған секілді.
IV
Ұстатқанда, қалқатай, білегіңнен,
Ұсынбайсың неге төр жүрегіңнен?
Сүйіп мені қалғаның жалған емес,
Бәрін ұғып үлгергем түр-өңіңнен.
Қолым менің жеткенде білегіңе,
Неге бойлай алмаймын жүрегіңе?
Қарағайға жанасып өскен шыбық
Жел тұрғанда айналған тірегіне.
Бүлінгенде дүние, бүлінгенде,
Мен болмасам кім үзсін гүліңді елде.
 Ақ бас бура шал артық дейсің, қалқам,
Жалыны жоқ жастардан түңілгенде.
Оңашада сүйісіп, толқып-тасып,
Қилы, бірақ, жолдарда қол ұстасып, –
Махаббаттың қызығы
Жүргенін де
Қарайғанның бәрінен қорқып қашып.
Тіршіліктің дүбірлі дүрмегінде,
Бақыт сыйлай береді кімге күнде?
Махаббаттың қызығы
Жұрттан таса
Қуыстарға тығылып жүргенін де.
V
Айналған арман, үмітке,
Киіксің оққа ұшпаған.
Сын емес пе өжет жігітке,
Аруды сендей құшпаған.
Көзімді мұнар басса да,
Жетегіне ерем үміттің.
Елуден жасым асса да,
Өртеніп жүрген жігітпін.
Жүрсем де өжет пішінде,
Қаламын кейде бұрқанбай.
Жаланған өрт бар ішімде,
Құмарым, шөлім жүр қанбай.
Қай от та сөнер сөндірсең,
Ақынмын жалған айтпаған.
 Қайтарма, қалқам, жөн білсең,
Бетімді жаудан қайтпаған.
Тас қой деп шақпа тауымды,
Ақылға бәрін жеңдірсең, –
Қартайған қыран қауымды
Екенін, қалқам, сен білсең.
VI
Көңілімнің көз жасын мөлдіретіп,
Өмір өтіп барады, өмір өтіп.
Жылуы жоқ үйлерге,
Кім біледі?
Бір күн мені жаға ма көмір етіп.
Тамырымда тулаған тасып қаным,
Қалқам, саған сол еді асыққаным.
Бір қаланың ішінде күн кешсек те,
Таудың арғы бетінде – қашықтамын.
Көк бөрідей жапанда жалғыз жортқан,
Қалқам, саған сол еді асыққаным.
Тұра алмаймын және де сені көрмей,
Қалай жүрем жастықтың желіне ермей.
Оу, қалқатай, көңілім көншімейді,
Бір уақыт өзіңе көңіл бөлмей.
Күннен-күнге мұң-қайғы ұласады,
Неге менің кеудемнен жыр қашады?
Махаббаттың есігін сен ашпасаң,
Мархабат деп есігін кім ашады?!
 VII
Өзен болсаң жағаңнан неге кетем,
Ағысыңды арманға жетелетем.
Қырым асып, қиырға жоғалсаң да,
Қиғаш тартпай тұп-тура төте жетем.
Тау болсаң да қасыңнан мен кетпеймін,
Елде жүрген елеусіз еркектейін.
Қайрақ болсаң жаныған мені, қалқам,
Өткірленіп өзіңе неге өтпеймін?!
Қума мені қасыңнан бақан алып,
Өрт жүрегім жеткенде жараланып.
Шұғылаңа, жан қалқа, шомылдырсаң,
Шыға келем жаңғырып, жаңаланып.
Дүниенің көзінен қан атылған
Сұм заманда көл болсаң дара тұнған.
Білгің келсе айтайын,
Арлы ақындар
Ару қызды құшуға жаратылған.
Танысқанда,
жаңадан табысқанда,
Үлкен кісі екен деп намыстанба.
Тұла бойын тасқын күш кернегесін
Айға атылған қартайған арыстан да.
Ұсынды деп жүрегін намыстанба,
Сыйласуға болады алыстан да.
Оу, қалқатай, брақ та бақыт шығар,
Иттен гөрі жем болған арыстанға.
 VIII
Оу, қалқатай, кім қарсы тілегіңе,
Жаның кейде мені ойлап жүдеді ме?
Жүрегімнің бір тамшы қызыл қанын,
Құйып берем қаласаң жүрегіңе.
Бұла сезім бой бермей ала қашып,
Кетсең ұзап қыр асып, далаға асып.
Тамшы қаным жүрсінші,
Ал бойыңда
Тасқындаған қаныңмен араласып.
Жаратпасаң қашықтап, жырақтайын
Түнде алыстан көрінген шырақтайын.
Тал бойыңда жүрсінші тамшы қаным,
Тоған астын үңгіген сынаптайын.
Көңіліңнің сезсем де бұзылғанын,
Жараса ма алдыңда қызынғаным.
Мені, мүмкін, аңсарсың
Жүрсе егерде,
Тал бойыңда бір тамшы қызыл қаным.
Түлкі қуып үйренгем өрде, белде,
Қайда, қалқам, барасың көнбегенде?
Құстай ұшып жетерсің
Тамшы қаным –
Жүрегіңді мен болып өртегенде!
ІХ
Шал деме мені қаусаған,
Тауда өскен қайсар шынармын.
Өмірден күтіп, аңсаған
Бақытың, мүмкін, шығармын.
 Жайсаңның жайын түсінер
Жетілген жасыл белесте.
Елуден асқан кісілер
Егеулі найза емес пе?
Сезімге елтіп, табынып
Барайық, қалқам, қай жаққа?
Ақ бас бура шабынып,
Шөкпесін неге тайлаққа?
Қаңтарып атын кермеге,
Бабалар ару құшқанда.
Құшпаймын ару мен неге?
Кеудемді намыс қысқанда.
Көңіл – құс биік ұшқанда,
Шалсың деп, қалқам, күлмегін.
Өзіңді өрт боп құшқанда,
Өртеніп кетіп жүрмегін.
Х
Айналсаң да бір өзің бір ғаламға,
Салма мені, қалқатай, шырғалаңға.
Сұлу қызды өртеніп сүйе алмаса,
Жүрек неге берілген бұл адамға?
Мені сырттан мазақтап жиі күлген,
Түрткен сен бе қытықтап бүйірімнен.
Бетіңдегі ана бір меңдей ойық
Иірім бе күлгенде үйірілген.
Уақыттың телмірмей тұманына,
Қуан, қалқам, мен үшін туғаныңа.
 Айып егер көрмесең,
Мен тағайын
Жүрегімді сырға етіп құлағыңа.
Сүйсең мені серідей серт етесің,
Бақытқа да,
баққа да тез жетесің.
Жүрегімді кеудеңе салып алсаң,
Ақын қызға айналып сен кетесің.
ХІ
Жүрегім – көне киімдей,
Жыртылып, быт-шыт тозғанда.
Қолымнан ұста күйінбей,
Қолымды саған созғанда.
Айқайлап атқа қонамын,
Аруақты жыным қозғанда.
Боздап бір туған бота едім,
Бозарып атқан боз таңда.
Есімнен талай танғанмын,
Есектер шауып озғанда.
Аруақты жыным қозғанда,
Ақынмын сені таңдаған.
Бозарып атқан боз таңда,
Жұлдызым бар ма жанбаған.
Сәулесі суық күмістей,
Сұрланып, сұсты қарама.
Құдығыңнан сенің су ішпей,
Сусыным, сірә, қана ма?
 ХІІ
Қарайламай жетсем де отбасыма?
Жоламайсың неліктен көп қасыма?
Оу, қалқатай, жүрегің жібімейтін,
Самарқанның қап-қатты көк тасы ма?
Жүрген жоқпыз, әрине, бүлікті елде,
Қарамасын біздерге күліп пенде, –
Махаббаттың өзенін кешіп өтіп,
Жағалауға жаңадан іліккенде.
Махаббаттың әндері шырқалған-ды,
Махаббаттың бастары біріккенде.
Не түседі бұлданып тарынғанда,
Кетті ме, әлде арманың сағымдарда?
Неге мойын бұрмайсың?
Бұрылғанда
Теріс қарай жосылған ағындар да.
Самғап ұшсақ жаман ба қанаттанып,
Жұрт таңырқап аңырсын қарап қалып.
Махаббаттың көрпесін көктейік те,
Ине, жіп боп екеуміз сабақталып.
Бірімін деп ойламай мұз жүректің,
Талай өзен, көлдерден жүзіп өттің.
Түсінбеуің жанымды мүмкін емес,
Қаны болса бойыңда Қыз Жібектің.
ХІІІ
Махаббаттың азабын шекпегенде,
Жыр жазбас ем ұшырап дертке мен де.
Сен білесің менің кім екенімді,
Қатпарымды ақтарып зерттегенде.
 Ордамын ба көк туы желбіреген,
Орманмын ба ағашы селдіреген?
Дорба асынған, мүмкін, мен қайыршымын,
Дала кезіп, ел ақтап тентіреген.
Мұң арқалап жүгірген мұңдымын ба,
Жын арқалап жұлынған жындымын ба?
Сен білесің зерттесең,
Жүрген, әлде
Пендемін бе Құдайдың құлдығында?
Мен –
кіммін шындығында?
Денем тұтас асылдан құралмаған,
Кейде ақша бұлттаймын қылаңдаған.
Күмбір-күмбір күмбезге кейде ұқсаймын,
Іші-сырты сырланып, сыланбаған.
Қанға сіңіп қызғаныш, пенделік те,
Менен қалған кезінде еркелік те.
Серілік те жоқ емес тал бойымда,
Тал бойымда жоқ емес серкелік те.
Менің сонда, шынында, кім болғаным,
Өзің, айтшы, болсаң сен шын қорғаным?
XIV
Жүрсең мені ақ семсер – сенім көріп,
Көңіліңің кім бұзсын шебін келіп.
Қалса екен деп тілеймін сүйіскенде,
Ернім менің ерніңе желімделіп.
Сүйгенімде ерніңе мен жабысып,
Құшағымда тұрсаң-ау сен қабысып.
 Дүние, шіркін, бақыттан жарылмай ма,
Ғашық жандар жүрсе егер тез табысып.
Жүрегіңе кірейін майдан ашып,
Құтыласың, қалқатай, қайда қашып?
Сүйіспейміз біз неге тар төсекте,
Жүреміз бе алыстан аймаласып.
XV
Шал деме мені алқынған,
Сенбесең сұра халқымнан.
Ақынның нарқын түсірме,
Жаралған жаны жалқыннан, –
Адамдар құнсыз болса да,
Сұлулар таққан алтыннан.
Айныма асыл қалпыңнан,
Өр қызсың өрге талпынған.
Шығасың ба маған тұрмысқа,
Сұрасам рұқсат халқымнан.
Көнбесең барам бөлмеңе,
Кіргендей болып көрмеге.
Сүймесең егер сен мені,
Бастайды тура жол неге?
Сүңгимін көрпе астына,
Қасыма қон де, қон деме.
Қалғанын өзің көресің,
Көресің және көнесің.
Лақтырып тастай алмайсың,
Жігіттің мендей төресін.
Кісінің білсең бағасын,
Жазасың жүрек жарасын.
 Қасыңда орын жоқ болса,
Сонда да қыбын табасың.
Босатып шкаф сөресін,
Кітап ғып қалай саласың...
Бейопа мынау жалғанда,
Суықта тоңып қалғанда,
Жылы ұшырап шықшы алдымнан,
Жылылық іздеп барғанда.
XVI
Қаны қашып, бет-жүзі қуарғанда,
Тіршілікте жүрмейді кім арманда?
Жиырма беске мен қайта жасарамын,
Көркіңе, еркем, көзімді суарғанда.
Кісі болсам жастығын қайта тапқан,
Арыстан деп бағала айға шапқан.
Марқасқалар бүгінде аз дейсің бе,
Махаббаттың жайлауын жайлап жатқан.
Ер-тоқымын алтындап, күмістеген
Арулардың жүзіне күн түспеген.
Қылықты қыз – жас саумал қымыз болса,
Сол қымызды сапырып кім ішпеген.
Жырымды, еркем, оқырсың ұнаса алып,
Ғашық дерттен түр-өңім тұр сазарып.
Емделмесем болатын емес, сірә,
Қасық сумен өзіңді жұта салып.
XVII
Ұзама, қалқам, қасымнан,
Бақ кетер жұмыр басымнан.
 Қарақшы мынау қоғамға
Ақынмын жастай ашынған.
Басқаға қайдам,
Мен үшін
Әлемсің алдан ашылған.
Көзіңнің жасыл жалқыны –
Найзағайлардың жарқылы.
Ғарышқа сапар шегемін,
Жүрегің сенің арқылы.
Толықсып піскен шағыңда,
Қол созсам сорым, бағым ба?
Бұлқынған бұла жырымсың,
Тулаған асау қанымда.
Періштем болып қорғаштап,
Жүргейсің, қалқам, жанымда.
Алыстан қолын бұлғаған,
Музамсың дара жырлаған.
Кім жазсын саған жыр арнап,
Қыз болсаң сертте тұрмаған.
Бұлқынған бұла жырымсың,
Қанымда менің тулаған.
Сен барда асыл шынармын
Балталап шапса сынбаған.
Ар жолын жастай қуғанмын,
Бетімді нұрға жуғанмын.
Мақсатқа жетпей тынбауға
Белімді бекем буғанмын.
Жырлау үшін сені, еркем,
Анамнан ерте туғанмын.
 XVIII
Мазақтап сырттай күлсең де,
Жүрегім тулап жүр сенде.
Ғашықпын саған өлердей,
Жігітің барын білсем де.
Бұрқанған бура шағында,
Жүрмесін кімдер бабында.
Сүйемін сені,
Жігіттер
Жүрсе де қаптап маңыңда.
Тастаймын деме төңкеріп,
Жатамын неге көрде өліп?
Жалғыз тал гүлдей таста өскен
Қайтадан шығам төрге өніп.
Жігіттің бәрі сүйе алмас,
Дәл мендей сені өртеніп.
XIX
Алғаш құшып ерніңнен сүйгенімде,
Сен де мендей өртеніп күймедің бе?
Сені көрмей тұрғанда кім ойлаған
Түсемін деп сең соққан күйге мүлде.
Ат құйрығын бекініп түйгенімде,
Түспес пе едім сең соққан күйге мүлде.
Балқып құлай жаздадым естен танып,
Алғаш сенің ерніңнен сүйгенімде.
Соны, қалқам, сездің бе, сезбедің бе?
Ұйқы-тұйқы еттің-ау кез келдің де.
 Қаншық – жүрек сені аңсап қыңсылайды,
Жүрегімнен сен сонда көздедің бе?
Күн өтуде сырғанап кіл сынаптай,
Махаббатым өле ме бүршік атпай.
Оу, қалқатай, сипашы маңдайынан,
Қызыл қаншық – жүректі қыңсылатпай.
ХХ
Сый кеткелі,
ел-жұрттан күй кеткелі,
Жаныққандар қаншама күйреткелі.
Сүйсем сүйген шығармын сені, қалқам,
Махаббаттың ойынын үйреткелі.
Тілегімді бергейсің,
бөренедей
Сүйегімді жүрмесең сүйреткелі.
Махаббаттың ойынын ойнамаған
Жандар –
жүрек түбіне бойламаған.
Жұмыр жердің тағдырын ойлай ма,
айтшы?
Жұмыр басын өзінің ойламаған.
Шамы сөнген үйлердің шамын жағып,
Жөнге салғам жұқсыздың шаңын қағып.
Махаббаттың ойынын сен үйренсең,
Кетпесіне кім кепіл бағың жанып.
ХХІ
Туса егерде албырап қазақты Ана,
Азаптама, сен мені мазақтама.
 Жер бетінде ер аз ба қайғы жұтқан?
Жарық әлем онсыз да азапхана
Азаптама, сен мені мазақтама.
Махаббаттың сыры не, түйіні не,
Қадалу ма шаншу боп бүйіріме?
Егде тартқан кезімде сүйдім сені,
Жем берсін деп Құлагер жүйрігіме.
Жылқы ішінде байталдар көп болатын,
Кесті айғырдың қосылған үйіріне.
Өлсе өлер арақты жиі ішкеннен,
Өлген кісі жоқ бірақ сүйіскеннен.
Сүйісейік,
Сүйіскен жақсы емес пе,
Араздасып, ұрсысып, тиіскеннен.
Көкжиекке күрең күн – қария аттанып,
Барады, әне, жалқыннан дария ақтарып.
Тоят түнін жаман ба бірге өткерсек,
Аккумулятор секілді зарядталып.
ХХІІ
Тұлпарды емес,
Тұғырды жүлделі етіп,
Жүдетуде көңілсіз күндер өтіп.
Қарсы аласың, қалқатай, мені қалай?
Бара қалсам үйіңе түнделетіп.
Күнкөрістің лайсаңын кешіп жүрген
Қыздар аз ба сұм нарық шешіндірген.
Бөрі көрген еліктей үркектейсің,
Махаббаттан кім сені безіндірген?
 Жүрміз әлі сарсылып сергелдеңде,
Бір тоқтамға келе алмай сен де, мен де.
Өзегімді өртейді бір ақ жалын,
Ащы өксіктер кеудемді кернегенде.
Бұлт ыдырап, көгімнен сөгілгенде,
Неге жүрсің қандырмай шөлімді елде?
Қанат байлап ұшамын саған қарай,
Төбең сенің алыстан көрінгенде.
Сайран салып қалада баққа айналған,
Жүзің сенің алаулап нарттай жанған.
Кесті айғырға ұқсатам сонда өзімді,
Жетіп барып байталға...
шаппай қалған.
ХХІІІ
Қайта түлеп дүние жаңарғанда,
Сен де көктеп гүлдейсің ағаң барда.
Музам болып мұратқа жеткізерсің,
Сұрау салып жоғалған замандарға.
Ақ сұңқар құс қайтеді жерде жүрмей,
Көк аспанға қаптаса жаман қарға.
Жерге табан тіреген мен де Антеймін,
Қалқам, муза болуға шамаң бар ма?
Түсірмейтін қыз болсаң ер бағасын,
Болашақта маған – жар, елге анасың.
Арлы ақынның музасы бола білсең,
Жырға айналып тарихта сен қаласың.
Мұнарадай жүгірген белден белге,
Аңыз боп та тарайсың елден елге.
 Сені тапқан анаң да туған жоқ-тын,
Дүниеге күркіреп мен келгенде.
Жүрегімнің өр рухын сезіп бірден,
Құдай сені сүйсін деп кезіктірген.
Қалың қыздың ішінен өзің ғана,
Көкірегіме көркіңмен көшіп кірген.
Сенсең, қалқам, қайратым, қуатыма,
Жүрсің неге ер салмай құла атыма?
Арлы ақынның музасы бола білген
Ару ғана жетеді мұратына!
XXIV
Жанарың – нұр, болса да көзің – көркем,
Жазбапты ешкім жыр етіп өзіңді, еркем.
Жырымды оқып бусанып сала берген
Қардан көрпе жамылған төзімді өлкең.
Шыға келмей бетіне ызғары өріп,
Жырыма елтіп, сөз шебер ұста көріп,
Шын елжіреп жүрегі қатал қыстың,
Көшелерде ағылған мұз, қары еріп.
Жан сырымды тыңдашы бері кел де,
Сүйсем айып бола ма сені мен де?
Жүрсің неге жібімей?
Өрт жырыма
Қатал қыстың мұздары ерігенде.
Айта бермей мұңымды жатқа ақтарып,
Бағымды ашам жорыққа – баққа аттанып.
Сүю күнә болса егер,
 Мен батайын
Ала жіптің үстінен аттап барып.
XXV
Күйзелгенін елемей жұрттың налып,
Махаббаттың қанша уын жұттым барып.
Бұл жалғанда арманым болмас еді,
Жүрегіңде мен қалсам тұтқындалып.
Шығармасын, шығарсын ұшпағына,
Жолықтырған ризамын жылға мына.
Шығар деп те жарыққа жалынбас ем,
Жүрегіңнің салсаң да зынданына.
Құласа да гүрс етіп іргелі аспан,
Ару бар ма талқандап түрмені ашқан?
Бұрындары зынданға түскен ерді
Қыз шығарған... және де бірге қашқан.
Қыз емессің сайтанға жүрген еріп,
Мені қалай кетесің күлге көміп?
Күндіз мені сен ұстап зынданыңда,
Сүйіп-құшып жүрерсің түнде келіп.
XXVI
Үшкірсе де үш жүздің дүйім елі,
Жаза алмайды – дертімнің қиын емі.
Білсең, қалқам, біздерді кезіктірген
Уақыттың үйіріп құйын желі.
Сүймесе егер жүрегің
түсімде ылғи
Неге келіп құшасың жиі мені?
 Жастық дәурен басымнан қайта өткеріп,
Қызық кешем,
тайсалман тайғақ көріп.
Кезіктірген біздерді уақыт желі,
Бір нүктеге үйіріп айдап келіп.
Ауыл маңы жамырап қырға өргенде,
Өзің жайлы бұрқанған жыр кеудемде.
Жүрегіме шоқ түсіп,
Кім ойлаған
Саған ғашық болам деп бір көргенде.
Көкірегімді жайлаған ішіме өтіп,
Бұл дертімді кім жазсын күші жетіп.
Дауасы оның, қалқатай, өзің ғана,
Ыстық демі ұшырған құс түлетіп.
Жылан жылы жылыстап ұстатпап ең,
Жылқы жылы мінермін кісінетіп.





Пікір жазу