Поэмалар ✍️
МАХАББАТТЫҢ АТТАНДЫМ ЖОРЫҒЫНА
І
Жүрегімді бір салмақ жанышқанда,
Атың жақсы деп едің танысқанда.
Арыстанды арыстан десең, қалқам,
Айбарлана түспей ме арыстан да.
Жыр арнасам – құсымның құлағаны,
Қайтем деп те ойлама бұл ағаны.
Ұнағаны затымның шығар, бәлкім,
Саған, қалқам, атымның ұнағаны.
Болсам егер атадан қалған шынар,
Бақытыңмын, кім білсін, алдан шығар.
Атың жақсы десең де,
Сол бір сөзді
Құдай, мүмкін, аузыңа салған шығар.
От жақпаса сол сөзің жүрегіме,
Қадіріңді бұл ағаң біледі ме?
Бірге өзіңмен барар ем, қол ұстасып,
Сүйресең де тозақтың түнегіне.
Шыңда тұрған арқардай төсін керіп,
Жүрсің бе, әлде шыдамды төзім көріп.
Жүрегіме шоқ салып өртейсің де,
Өшірмеуің бұл қалай өзің келіп?!
ІІ
Атымды естіп білгенде,
Нұрландың, қалқам, бір демде.
Өртеуге әлде жолықтың,
Өртеніп өзім жүргенде.
Жолықтым саған несін мен,
Шықпайсың, қалқам, есімнен.
Үкілі сендей қыздардан
Үмітім талай кесілген.
Мұң толып қоңыр көзіме,
Қараймын құстар көшіне.
Жүрегіңе жырым жетсе де,
Жүр жетпей қолым өзіңе.
Самғаудан қанат талғанда,
Кетпесін десең арманда.
Мені іздеп, қалқам, келгейсің,
Үйімде жалғыз қалғанда.
Шұғыла шашып таранған,
Өзіңсің, қалқам, бар арман.
Жаралса еркек құшуға,
Сүюге қыздар жаралған.
ІІІ
Көгінен шыбын ұшпаған,
Сардарын ту ғып ұстаған.
Жауынгер елдің қызысың
Найзасын өткір ұштаған.
Сен жоқта пешпін мұздаған,
Кеудесін түтін ыстаған.
Көрпе ғып мені жамылсаң,
Астары сенсің тыстаған.
Махаббат дейтін жорықта,
Қорықпа, қалқам, қорықпа.
Киігім сенсің көздеген
Жайылып жүрген қорықта.
Көз жазбай көшкен сағымнан,
Тірлікте кім бар жаңылған.
Жастығым, мүмкін, шығарсың
Шау тартқан шақта сағынған.
Қырт деме мені қағынған,
Шал деме тауы шағылған.
Іздеген кезде кешікпей
Қасымнан ылғи табылған, –
Егеулі найза ер деп біл
Шешеннен қанжар тағынған.
IV
Жан қалқатай!
Көнсең де, көнбесең де,
Көрге мен де кіремін, көрге сен де...
Сені құшып жатамын түсімде ылғи
Сүйіп әлі өңімде көрмесем де.
Қуғыншыдан құтылып танаулаған,
Түлкі тұрмас құлпырмай қарға аунаған.
Кел, қалқатай!
Өңімде бір сүйейін,
Қыздың беті сүйгенде алаулаған.
Мал өсіріп, жүн түткен киізді елде,
Қан тулаған қыз, жігіт сүйіскенде.
Тоғыспайды жолымыз неге біздің?
Көкжиек пен көкжиек түйіскенде.
V
Жаным бірге,
Жанымыз егіз деген
Жігіт келіп гүліңді неге үзбеген?
Жүрегімнің дауасы сен екенсің,
Кісі болсам жүрекке ем іздеген.
Ғашық болды деп сөкпе шау тартқанда,
Сынап көрсең егер де тауды ақпанда.
Кәрі батыр атына бұрын қонған
Екіталай күн туып, жау шапқанда.
Жас емеспін, әрине, күркіреген,
Шау тартқанда бұ дертті кім тілеген?
Жетпісінде кәрі айғыр ақын Гете
Ғашық болған жас қызға үлбіреген.
Дауа бар ма бұл дертке
Түн ішінде
Жұлып алып төсектен сілкілеген...
VI
Жотасына шығайық жайсаң белдің,
Қызы болсаң жауынгер найзалы елдің.
Менен өзге сені аңсап,
Жанып тұрсын
Түні бойы көз ілмей қай шамы ердің?
Көк жотаға көк кілем жайсақ қалай,
Туар еді толықсып қай жақтан ай?
Жаугер елдің қыздары
Шақырғанда
Оңашаға шығатын тайсақтамай.
Жастық шақтың өтерін ескермеген,
Ағаң едім құлашын кеш сермеген.
Жаугер елдің қыздары білсең, қалқам,
Найзасынан жаулардың сескенбеген.
VII
Жүгірсе де соңыңнан талай неме,
Сүйем сені,
Бұныңыз қалай деме?
Шарайнаға үңілген секілденіп,
Жігіт көрсең жүзіне қарай берме.
Күн туса да жан беріп, жан алысқан,
Көрінеді көзіме бәрі алыстан.
Құтқармаған, қалқатай, кім-кімді де,
Қызғанштан құтырған кәрі арыстан.
Сені, қалқам, сүйемін,
Құрметтеймін,
Шөлім қанбай қасыңнан құр кетпеймін.
Қарсы алдымнан боран боп суырсаң да,
Алған беттен қайтпайтын бір беткеймін.
Не өлейін,
Қасыңда не көктейін,
Елжірейсің бәрібір елеп кейін.
Дария бол сен, мейлі, тасып жатқан,
Дариядан шешініп, неге өтпейін.
Күнәсі көп қоғамда кім ағарған,
Тірі куә бәріне мына жалған.
Жанарыңда мұң болса,
Мен деп ойла,
Жанарыма мұң болып тұна қалған.
VIII
Туған елдің көтерген мұнарасын,
Қара жерге қаратсын кім ағасын.
Ақын деп те алдымнан шыға бергей,
Тартып алған тағдырдан сыбағасын.
Сұмнан өзге не көрем сұм жалғанда,
Өзің жайлы жыр жазам мұңданғанда.
Бұғалыққа ойлай ма түспеймін деп,
Бұла қыздар бұлғақтап бұлданғанда.
Тас қоғамға келетін зиян бар ма,
Сауытына сұлудың нұр тамғанда.
Кел, ендеше!
Бауырға бір бүктейін,
Жезкиікке шүйілген бүркіттейін.
Жылан бездер ойнасын асыр салып,
Сезіміңді жасырма, іркіп кейін.
Жүрегіңнің басында тұра бермей,
Сары суы кілкіген іркіттейін, –
Жүзіңді айдан жасырып, жапсам деймін,
Шаңырақты бүркеген түңліктейін.
IX
Ұнатайын мен мейлі, ұнатпайын,
Өмір сырғып өтуде сынаптайын.
Тірімде егер көнбесең...
Көз жұмған соң
Жанам деме молаңда шырақтайын.
Сұм жалғанды атжалман түрме көріп,
Жүрек соқпай ағысым тұр бөгеліп.
Түнеймін деп, қалқатай, әуре болма,
Қабірімнің басына түнде келіп.
Көрдің саған құсымның құлағанын,
Соңғы сөзі деп ойла бұл ағаның.
Сүйсең сүйгін көзімнің тірісінде,
Кімге дәрі өлген соң жылағаның.
Иттер озған заманда құмай қалып,
Сені құшсам төсіңе құлай барып.
Арналы өзен жаңылып ағысынан,
Кете қоймас дүние шыр айналып.
Х
Жоғалтып ап, іздеген шағала айын,
Қарапайым кісімін, қарапайым.
Менің пірім – қазақтың қара өлеңі,
Менің пірім – өзіңдей бала қайың.
Қадіріме, қалқатай, сен жетерсің,
Қадіріме жетпесе ара ағайын.
Көкірегім жарыла күрсінгенде,
Бей-жай күйде селт етпей жүрсің бе елде?
Жүрегімнің дүрсілін неге ұқпайсың?
Жырымды, еркем, қапысыз түсінгенде.
“Сиырларға” жоламай бұзаулаған,
Не теңің деп сөкпегін қыз аулаған.
Күнім менің ауған жоқ бесінге әлі,
Жүрмін әлі мезгілде түс аумаған.
Махаббаттың не екенін білгің келсе,
Жүрегімді тыңдағын жыр саулаған.
Жалғыздықтың шыдамай қорлығына,
Махаббаттың аттандым жорығына.
Ат шалдырсам, қалқатай, бар ма арманым,
Қызғыштайын қорыған қорығыңа.
ХІ
Көшелерде ағылған түнге қарай,
Жас қыздарға өтеді кім қарамай?
Көктем болсаң, қалқатай,
Мен деп ойла,
Өз көктемін аңсаған бір қарағай.
Мен деп ойла жүзіңді нұрландырып,
Жанарыңа жарқ етіп тұнған арай.
Ашынғаны жанымның, күйінгені –
Сардаланың борған құйын, желі.
Бір қыран құс төбеңде жүрсе айналып,
Мен деп ойла өзіңе шүйілгелі.
Ұрпағымын ұлы елдің ұран болар,
Көкірегіңе, мен десең, жыр-ән толар.
Қос анарың – бір таудың қос шыңы ғой,
Ұшып барып басына қыран қонар.
Махаббатым жүрсе әлі есін білмей,
Түбі сені тына ма шешіндірмей.
Кеудең сенің – жазира дала болса,
Арғымақты бола ма көсілдірмей.
Жүрегімді сыздатып,
Миды шағып,
Түні бойы шығасың көз ілдірмей.
ХІІ
Ойда жоқта кезіккен бағың көріп,
Барасың ба – жүр деген – жағыма еріп.
Көкірегімді сәулеге бір толтыршы,
Жанарыңнан жарқ етіп жалын бөліп.
Сорғаласа көз жасым тарамдалып,
Бостығымды сол сәтте қалам танып.
Жүрегімнің бір отын сен жақпасаң,
Болашаққа мен қалай барам жанып?
Қусам сені,
Жеткізбей көсілесің,
Қырдың шыңын бір қырға көшіресің.
Шырағымды, жан қалқа, жаға алмасаң,
Шынарымды сен қалай өсіресің?
Қаша берсең сен менен,
Жүрегімнің
Өзің жаққан отын да өшіресің.
ХІІІ
Жанарыңа жанарым шағылысып,
Жүрген кезде жүрегім алып-ұшып.
Өзің жайлы жыр жазып,
Сен екен деп,
Басқа қызға оқыдым жаңылысып.
Жүзіңе алғаш анықтап көп қарадым,
Кездескенде қайыра сағынысып.
Бура мінез булығып шабынғанда,
Шатыстым ба жүрегім қабынғанда.
Жаңылмайын мен неге?
Жолдан шығып,
Жорғасынан жорғалар жаңылғанда.
Көк аспаным бұлтынан арылғанда,
Жеткенімнен не пайда сағынғанда?
Оңашаға, қалқатай, бір шықпадың,
Отқа оранып, өртеніп жалынғанда.
Сүйер едің сен мені,
Жас жүрегің
Махаббаттың заңына бағынғанда.
Не істейміз, қалқатай?
Кеш болмай ма,
Жүрегімде бір бомбы жарылғанда.