11.03.2022
  197


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТАЛАСАМЫН ЗАҢДЫ ОРЫН – БИІГІМЕ


Сортаңда өскен қышқылтым жемістейін,
Жырым ащы болса егер, не істейін?
Ойлы-қырлы далама тартып тусам,
Ой-қырымды мен қалай тегістейін?
Кей жерлесім бал емес,
У ұсынса,
Шөлдегенде сол уды неге ішпейін?
Жанымды улап, азапқа салса солай:
– Бұларың не? – деп неге керіспейін.
Қара Қытай арнасын бұра тартқан,
Неге ақпайын ызалы Ертістейін?!
Басымнан бұлт арылсын, арылмасын,
Кім-кімге де белгілі жағынбасым.
Жаудан емес,
Жақыннан бағым қайтса,
Тауым неге талқан боп шағылмасын?
Ар-намыс боп жүрегім тулап тұрса,
Неге ендеше бомбы боп жарылмасын?!
 Мені ендеше, ағайын, кінәлама,
Бақыт көр деп мені де туған Ана.
Ойлы елімнің жоқ болса ойсыздары,
Көз жасыммен өзімді суара ма?!
Сол сұмдармен мен қалай жарасамын,
Жүрмекпін бе ішінде аласаның?
Мұқағали айтпақшы: Билетім бар,
Заңды орныма өзімнің таласамын.
Түсірсе егер жарықшақ жиі үніме,
Сонда өмірдің шешімі – түйіні не?
Бір төбе үшін соғыста шайқаспай ма,
Таласамын заңды орын – биігіме!





Пікір жазу