11.03.2022
  180


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӨЛЕҢІМНЕН КІНӘРАТ СЕН ІЗДЕМЕ


Өмір кейде секілді қышқыл алма,
Кісі ендеше бекерге ышқына ма?
Қабырғасы тас үйдің көріп сен де,
Жүрегімді шегемен сызғылама.
Суырғандай ақ түтек далаға ақпан,
Күншіл қанша жырыма жала жапқан,
Жазғыруға бола ма босандың деп,
Аналарды албырап бала тапқан.
 Ізгіліктің қайда үні күнде естілген,
Сауда қуған мезгілде кімге ес кірген?
Алда-жалда кембағал бала туса,
Дәрігерлер себебін іздестірген.
Ақын аз ба тірлікте қайғы жұтқан,
Шыға келген сайтансың қай жырықтан?
Өлеңімнен кінәрат сен іздеме,
Ізде оны тудырған қайшылықтан.





Пікір жазу