11.03.2022
149
ТАЛАСТА ТУҒАНДАРҒА
Таласуға бар болса, таласамын,
Жарасуға бар болса, жарасамын.
Кім келсе де алдыма,
Шетке қақпай,
Қолдан келсе қарайлап, қарасамын.
Сағынғанда санасыз туғанын да,
Туыс көріп, туламай санасамын.
Төбесіне көтеріп, ту етсе де,
Туған елдің алдында аласамын.
Жел боп тисе егерде желіккені,
Егессе егер ұстасып, еріккені.
Онда егеулі найзаға айналамын,
Бұл қалай деп басынып кеміткені.
Зердесіне шеге боп қадаламын,
Зықымды алса мазалап зеріккені.
Патшаға да бас ұрмай тең жүрсін деп,
Мені туған қазақтың ерікті елі.
Кетті деме кемерден шамалы асып,
Көкірегімді жүремін далаға ашып.
Сындырам деп ойлама,
Жүрген мені
Сұм тағдырдың өзімен жағаласып.