11.03.2022
  540


Автор: Рафаэль Ниязбек

АҚЫРҒАННЫҢ БӘРІ АРЫСТАН ЕМЕС


Жайлауынан мал кеткен сұр даламда,
Қалмаған ба қасиет нұрлы адамда?
Бұл өңірдің есегін неге айттың, – деп,
Қара тобыр жабылып шулағанда, –
Мені қарғап,
Арыма ара түсер,
Бір азамат елімде тумаған ба?
Сардар басым саудаға түспес еді,
Ата жолын, ар жолын қумағанда.
Шамырқанып өжет жыр жазады ылғи
Ақын қаны намыстан тулағанда.
Қара тобыр ұғынсын, ұғынбасын,
Елім неге аузымды тығындасын?
Адам қолы жасаған қиянаттан,
Білем өзім туымның жығылмасын.
Жанарыма көк мұнар мұң тұнғанда,
Тірі пенде қол созып ұмтылған ба.
Күні қараң екен-ау азаматтың,
Есекті есек қорғайтын күн туғанда.
Қара тобыр қой баққан, ой бақпаған,
Қамшы үйіріп төбемде ойнақтаған.
 Басшысы анау мысық көз қара пәле,
Бүлік іздеп, ел ішін сойғақтаған.
Қара тобыр көзінде қан қаптаған...
Ел-жұрт қайда ақынын ардақтаған?
Абыз қарттар қайда жүр?
Толғап сөйлеп,
Тобылғы ойдың торысын салмақтаған.
Қара тобыр жақынын қарақтаған,
Талап мені жегелі жалақтаған.
Абыз қарттар қайда жүр ел болса егер,
Сөз төркінін арыдан сабақтаған?!
Сенбесе егер Таластың өсекке елі,
Қалш-қалш етіп, ұстай ма безгектері?
Неге ендеше кісіге ақырады,
Еңселі елдің жоқ болса есектері?!
Болашағын көп ойлап балдырғанның,
Жүрегімді мен талай жандырғанмын.
Бәрі бірдей арыстан емес шығар,
Аузын желге толтырып ақырғанның!





Пікір жазу