11.03.2022
  287


Автор: Рафаэль Ниязбек

СЕН КІМСІҢ СОНДА?

Жөн айттың тілің сүйреңдеп,
Ысырып маңнан арайды.
– Тобықтыға тілі тиген, – деп,
Тілдедің ұлы Абайды.
Сұқ көздің қадап инесін,
Сөйледің және жал бітіп:
– Тобықтыға тілі тигесін,
Жіберген, – дедің, – қаңғытып.
Қаңғыды қашан ұлы Абай?
Тіліңді тарта сөйлегін.
Нұрланып көкте тұра ма ай,
Жалғандықтың жыртпай көйлегін.
Абайды Абай демеген,
Сен кімсің сонда, бауырым?
Нең қалды енді жемеген,
Қақпақтай болып жауырың.
Абайды місе тұтпаған,
Сендейді бұрын кім көрген?
Сөзіңді кім бар құптаған,
Сұмдығын қызыл тілге өрген.
Жерлесің болса ұлы Абай,
Оны да елге жамандап.
Кісі боп халін сұрамай,
Тығар ең көрге амалдап.





Пікір жазу