ДҮНИЕ ТҰРСА ОРНЫНДА
Жын ғасыр – таудың шатқалы,
Жарық күн тұр ма батқалы?
Жақсының –
сенсің алдына
Құрылған қасқыр қақпаны.
Жазаңды неге бермесін
Аруақ жүр сені атқалы.
Жыр жазып шырақ жаққалы
Иттердің аз ба қапқаны.
Жалдамалы арсыз тірлікте
Сен жүрсің мені атқалы.
Қандамай көздеп атқаның –
Қан құстырып алдап кеткенің.
Сарт етіп қапса қақпаның –
Мұратқа сол ма жеткенің.
Атсаң да тұрам алдыңда,
Ассаң да тұрам алдыңда.
Мұнарадай асқақ көрініп,
Көтерілген биік жал-құмда.
Шамырқанған шақар шалдың да,
Шабынған бура кезі деп,
Қайда да тұрам алдыңда.
Жақсының жалғыз көзімін,
Жақсының сара сөзімін.
Керек десең оу, мырза,
Жақсының да өзімін.
Бірге іздеп арың – жоғыңды,
Жағаңнан алмай қолымды.
Масқаралап жазам, қайтсең де,
Тапқанша қашан жолыңды.
Қара құл жүріп жораға,
Шошқа үрген мезгіл қораға.
Өзіңдей қисық шегені
Түзетпей, сірә, бола ма?
Сұсыңнан мен бе қорқатын,
Жүрсем де ылғи алданбай, –
Оқыста жығып орға атын
Жапанда жалғыз қалғандай.
Талайын татып сордың да,
Талайын көргем зордың да.
Оңалып мен де кетермін
Дүние тұрса орнында.