11.03.2022
  174


Автор: Рафаэль Ниязбек

ДҮНИЕ КЕЗЕК

Сені неге балайын,
Жаралдым деп қанша айтсаң да адамнан.
Алдауға ылғи асыл ердің талайын
Тудың ба, айтшы, арамнан?!
Сендей сұмды бұл жалғанда көрмедім,
Көкірегі көрдей қара көр ме едің?
Түрмеден суық сол көрге
Тірідей мені жерлер ең
Оныңа, бірақ, көнбедім.
Қара еменге қарсы біткен иір бұтақтай
Қасарысып саған өлмедім.
304
Жақсылыққа бұрмай бетіңді,
Жамандықта жаның қалай жетілді?
Қалдың қанша көз жасына жесірдің
Есіркемей жетімді.
Қылмыңдайсың мықтылардың алдында
Жезөкше бикеш секілді.
Күңіренген – күлгенге,
Жылағанға – түнерген.
Іріні көрсе нұрлы елде
Шыдамай сиіп жіберген
Өмір де бір сайқал білгенге
Құбылатын бір демде.
Сайқалдық саған жұқты ма,
Сайран салып
Сайқалдармен жүргенде.
Балар едім мен сені –
Қатырма торы қатынға,
Көнбейтін кейде ақылға.
Қатын жақсы бірақ та
Құшағын ашып ақынға,
Күш-қуат берген батырға.
Теңер едім сені итке –
Ит те иесін қаппаған.
Ұяты бар иттің де –
Қызық қумай, қырға аспай
Күндіз-түні қора қорып жатпаған.
Ұяты бар биттің де –
Таза жерге бір баспай
Кір түскенде ышқырыққа қаптаған.
Ұят бар ма ал, сенде
Уәдемен жұрттың бәрін қақтаған?
 Алатауды алты айналып,
Қаратауды қырық айналып
Іздесе де қалың ел
Сендей сығыр сужұқпасты таппаған.
Ажал да сенен ақылды,
Атпаған өжет ақынды.
Тас емшек бедеу бұлтпысың –
Алты ай жазда
Бауырынан тамшы тамбаған.
Жұлынға түскен құртпысың –
Алты ай бойы
Қан ішсе де қаншама
Қаңсып бір шөлі қанбаған.
Жақсылығы елге өткен –
Азамат ерден үміттен.
Шұғыла жаудырған жер-көктен –
Садаға кет жігіттен.
Береке мен байлығын
Қара нөсердей селдеткен –
Садаға кет еркектен.
Садаға кет болат шегеден
Қаққан жерге қадалған.
Садаға кет қозы жауырын жебеден
Атқан жерге қадалған, –
Қисаймаған ешқашан
Сүмбілденіп түзу жаралған.
Осырақ қоңыз итерген
Жүрсең де боқ-боқ пішінде, –
Арамзалықтың иті өлген
Қара үңгір қуыс ішіңде.
 Халықтың арман-тілегін
Ұмытқан жансың сен мүлде.
Алпауытсың – білемін,
Алақан жайған ел күнде.
Ауыртсаң да жұрттың жүрегін,
Ауырмайды сенің жүрегің.
Шіріген байсың бүгінде
Дүниені жұтып жалмаған.
Сендейлер түптің түбінде
Сандалып қайда бармаған.
Шіріндіге айналып,
Шыңғырып қайда қалмаған.
Жөн айтам жете білгесін,
Құлағың ілсін, ілмесін.
Жарқылдап туған өлкеңде
Жандарды небір өр кеуде
Ұстаған ашық іргесін
Қабылдамай қанша қайтардың,
Қатындай көрген күндесін.
Дүние кезек қашанда –
Қара жер кейін өлгенде
Қабылдамай сені жүрмесін.





Пікір жазу