11.03.2022
  223


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖАЗЫҒЫМ НЕ, О, ТӘҢІР?

Тірімін бе,
білмеймін,
өлімін бе?
Азынайды азаптың желі күнде.
Жанарыма, кім білсін, түсті ме ұшқын
Шыңдалғанда өмірдің көрігінде.
Шұғылаға бөлесін арай қалай?
Ұмтылдым ба биікке шамаламай.
Бақ та кейде безбүйрек ұл сияқты
Алды-артына жөнелген қарайламай.
Жаңа-жаңа асқанда қыран жастан,
Тағдыр мені жықты ма мың арбасқан.
Күңіреніп, күйзелем жыр жаза алмай
Бұлдыр көзбен шел басқан,
Мұнар басқан.
О, табиғат!
Мезгілдің көктемін бер,
Жырым қалай бүр жарып көктедім дер.
Сабағынан үзілген жапырақтай
Өлген күндер –
Жыр жазбай өткен күндер.
Көзім еді, шіркін-ай, жас тұнбаған,
Дертке ұшырап қор болды асқындаған.
Ештемеге жарамай үйде отырмын,
Тал бойымда күш барда тасқындаған.
 Көптен бері жазылмай күн қабағы,
Сәуле неге шашпайды сырғалары?
Бұлдыр көзбен дүние не істесін,
Дүниенің мен болсам бір жанары.
Күркіреген күн қайда есіп жүрген?
Ұғынар-ау жайымды есі кірген.
Төрде аунаған ұқсадым бөренеге,
Соқырлықтың қаскүнем кесірінен.
Шел басқан жоқ көзімді кемдігімнен,
Айырылмаса ата жұрт елдігінен.
Қысылғасын тар үйге –
Тар қуысқа
Дүниенің не пайда кеңдігінен?
Серпілмеген күндерді жалаулатып,
Өрт жанымды жүргенде алауға атып.
Орта жасқа жеткенде
Жабы – тағдыр
Кеткені ме шынымен шаңға аунатып?
Қалай ессін алдымнан арман лебі,
Тоздыруда азынап жалған желі.
Бұл соқырлық шынында
Тәңірімнің
Тозағы ма тірідей салған мені.
Ыза ұшқындап шел басқан көздерімде,
Уыттанып барады сөздерім де.
Жазығым не о, Тәңір?
Ала өгіздей
Өкірттің-ау өз үйім – өз төрімде.





Пікір жазу