РУХЫҢ ӨЛМЕЙ ЖАСАЙДЫ ЖЕР БЕТІНДЕ
Әнуарбек Тәжімбетовке
Жанарыңның сәулесі шыңға асылып,
Жетуші едің малшыға – қырға асығып.
Тарлан тарих бетінен өшкен жоқсың
Жасырғанмен ізіңді құм жасырып.
Көрікті көш көңілді алға асқанда,
Сенің жұлдыз арманың жанды аспанда.
Ойық елі гүлденіп жүре берген
Соғыстағы ерлігің жалғасқанда.
Келе жатқан тасқыннан жүзіп етіп,
Сені кімдер мұқатсын күші жетіп.
Сен басшы боп тұрғанда ойлы Ойыққа
Күрең мінген кісі аз ба кісінетіп.
Жылдар еді көзінен мұң арылған,
Елге қарай тасқындап нұр ағылған.
Сағым көшкен сардала шөлдегенде
Сенің маңдай теріңмен суарылған...
Қабіріңнен өр даусың естіледі,
Жүрегімді сол менің кескіледі.
Арда жүрек өзіңдей азаматтың
Қасиетін ел неге кеш біледі?!
Көктемдердің ескенде ақ самалы,
Арманыңның бұл қалай ақсағаны?
Ұмытуға бола ма өлді екен деп,
Жаны жайсаң өзіңдей жақсы ағаны.
Қабірің тұр қасқайып жел өтінде,
Заманыңның шындығы келбетіңде.
Елің аман тұрғанда, қайран аға,
Рухың өлмей жасайды жер бетінде.