![](/uploads/shorttexts/author_image/rafaehl-niyazbekov.jpg)
СЕЙІЛБЕК АҒАНЫҢ РУХЫМЕН ӘҢГІМЕ
Көңіліңнің көз салған жиегіне,
Мүмкін риза шығарсың жиеніңе.
Сүйеу болар аға жоқ,
Жығылғанда
Түрегелем сүйеніп сүйегіме.
Жақтырмай ма, білмеймін, өр кемені,
Шығармаған жан қанша төрге мені.
Кейбір жерлес інілер жүрген жоқ па,
Жазған ойлы жырымды өртегелі.
Көңілінің жадырап мөлдір көлі,
Кісілердің сыйлайды жөн білгені.
Жүрегімнің сен кетсең отын жағып,
Біреулер жүр сол отты сөндіргелі.
Тіршілікте көңілің жиі қалған,
Дүниенің болар ма күйі жалған.
Жұлдызды да сен берген жүзік етіп,
Саусағына біреулер киіп алған.
Арманымның ескенде ақ самалы,
Қайдан табам өзіңдей жақсы ағаны.
Бұл күндері саудаға түскен жоқ па,
Айырбасталып бұл жұрттың ақшаға – ары.
Қарамайтын заманда көңілге ешкім,
Аумалы да төкпелі өмір кештім.
Талай мәрте сабама түсірген-ді,
Қоңыр желі тербетіп қоңыр кештің.
Нұрын төгіп тұрғанда күн елжіреп,
Жүгіреді жалғанда кім жел тілеп.
Бірақ сендей емені көп қырқылып,
Елдің іші әлі де тұр селдіреп.